Павлодарлық хор төл мерекесін атап өтеді
 
                                    Осы айтулы күнге орай «Искусство во времени» атты мерекелік концерт ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Әбдернасированың айтуынша, Сергей Мурзин – өмірін өнерге арнаған, талай дарынды жастарды тәрбиелеген, ұжымның кәсіби деңгейін жаңа биікке көтерген тәжірибелі маман. Оның жетекшілігімен хор ұжымы көптеген республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, қазақ мәдениетін әлем сахналарында танытып келеді. Ол ұжымды тек орындаушылық шеберлікке ғана емес, рухани тұтастыққа, өнерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікке баули білген жан.
– Александр Шиллер атындағы халықтық хор – еліміздің мәдени өмірінде өзіндік орны бар, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білген өнер ұжымы. Хор репертуарында халық әндерімен қатар классикалық және заманауи туындылар, ұлттық әуендер мен әлемдік музыканың үздік үлгілері бар, – деді Камат Әбдернасирова.
Биыл хор ұжымының құрылғанына елу жылдан астам уақыт, ал талантты жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сергей Мурзиннің шығармашылығына 25 жыл толып отыр.
Осы айтулы мерейтойға орай ұйымдастырылып отырған «Искусство во времени: 25 лет под руководством Сергея Мурзина» атты мерекелік концерт – хор ұжымының жарқын тарихы мен шығармашылық жолына тағзым іспетті.
Кеш барысында көрермендер орыс халқының халық әндері мен әлемдік классикалық туындыларды тамашалай алады. Барлық әуендер жанды дауыста, арнайы дайындалған инструменттік топтың сүйемелдеуімен – сырнай, балалайка және ұрмалы аспаптардың үнімен орындалады.
Мерекелік концерт 1 қараша күні сағат 14:00-де, Естай атындағы Мәдениет сарайында өтеді. Кіру тегін.
 
                         
 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
                    
                 
         
         
         
    
             
    
             
    
             
    
             
         
    
 
    
 
    
 
    
 
    
                                        
                                     
    
 
    
 
    
