Шарбақтыдағы орман өрті 800 гектар аумаққа тарады
Өрттің Ресей аумағына өту қаупі әліде сақталуда, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, сағат 23:30-дағы жағдай бойынша өртті әлі де оқшаулау мүмкін болмай жатыр.
Дала орман шаруашылығында (4, 5, 7, 8, 18, 19, 20, 21 орамдар), сондай-ақ Бауыртал орман шаруашылығында (119, 120, 121, 122 орам) өрт орын алуда.
- Тілсіз жау шарпыған жердің аумағы шамамен 700-800 гектарды құрайды. Ресей Федерациясына көшу қаупі әлі де бар, - деп хабарлады министрлік.
Тілсіз жауды ауыздықтаумен 186 адам мен 46 техника жұмыс істеп жатыр.
Орман өртін сөндіруге қосымша Астана қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының ТЖД күштері мен құралдары 120-дан астам адам және 30-дан астам техника жіберілді.
Өртті сөндіру қатты желдің салдарынан өрттің тез таралуымен қиындауда.
Ертіс Орманы өрттің бастапқыда Ресей Федерациясына қарай жылжығанын атап өткен болатын. Қазір ол бағытын Бауыртал орман шаруашылығына қарай өзгертті.
Жағдайды бақылау және бағалау үшін оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, облыс әкімі Асайын Байханов және төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы ұшып келді.