Павлодарда дүкеннен алған аяқ киімі жыртылып қалған тұрғын ақшасын қайтарып алды
Тұтынушы Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арызданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы ӨКҚ-де өткен баспасөз жиынында департамент басшысы Дәулен Қабдышев мәлім етті.
– Департаментіміз ішкі сауда саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша уәкілетті орган болып табылады. 2023 жылдың 5 айында тұтынушылардың өтініштері негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне 34 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, – деді Дәулен Қабдышев.
Тексеру нәтижелері бойынша 14 әкімшілік жаза қолданылып, бір кәсіпкерге айыппұл салынған. Тараптардың татуласуына байланысты 7 тексеру тоқтатылды. Тұтынушыларға барлығы 645 мың теңгеден астам сома қайтарылды. 11 тексеру бойынша заң бұзушылық анықталған жоқ.
Мысалы, Павлодар қаласында тұтынушы аяқ киім сапасына қатысты шағымданған. 91 мың теңгеге дүкеннен алған аяқ киімі сапасыз болып шыққан. Уақыт өте аяқ киімнің былғарысы жыртыла бастаған.
– Тұтынушы кәсіпкерге жүгінген, ол орнына басқа аяқ киім берген. Алайда, ол тауар да сапасыз болып шықты. Аяқ киімдегі резеңкелер үзіле бастаған. Қайта жүгінгенде кәсіпкер аяқ киімді жөндеп бермек болған. Тұтынушы ол шешімге келіспей, ақшасын қайтарып беруді талап етіп біздің департаментке жүгінді. Біз тексеру аштық. Тексеру кезінде кәсіпкер тұтынушымен татуласып, ақшасын қайтарып беруге шешім қабылдады, – деді Дәулен Қабдышев.
Айта кетейік, 2023 жылдың 5 айында департаментпен азаматтардың 325 өтініші қаралған. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында келіп түскен өтініштерді талдау бойынша Павлодар облысында сауда саласындағы тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылатыны анықталды. Олардың көбі – сапасыз тауар, тауарды қайтару және айырбастау мәселесі.
Фото: ашық дереккөздерден