Соңғы қоңырау: Павлодарлық тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеді

Соңғы қоңырау: Павлодарлық тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әсіресе «түлектер кортеждерін», құжатсыз көлік жүргізу фактілерін және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына ерекше назар аударды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештері қарсаңында Павлодар облысының полициясы қоғамдық тәртіп пен оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуде. Құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері кешенді шаралар қабылдауда. 

– Таңертең ерте мектеп аумақтарында және адамдар көп жиналатын орындарда күшейтілген патрульдік жасақтар кезекшілік атқаруда. Әрбір білім беру мекемесіне жауапты полиция қызметкерлері бекітілген. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында ата-аналардың, оқушылар мен педагогтердің қатысуымен профилактикалық кездесулер өткізілуде, - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары көбіне «түлектер кортеждерін», құжатсыз көлік жүргізу фактілерін және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына жол бермеуге бекінген.  Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болуы мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстағы ойын-сауық орындары да қатаң бақылауға алынды.

Осы маңызды күні түлектердің ата-аналарына да балаларына мұқият болу қатаң түрде ескертіледі. Полиция қызметкерлері азаматтарды қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.

Қандай да бір оқиға орын алған жағдайда, дереу «102» жедел арнасына хабарласу қажет.