Павлодарлықтарды нанмен қамтып отырған кәсіпкер жаңа наубайхана ашты

Павлодарлықтарды нанмен қамтып отырған кәсіпкер жаңа наубайхана ашты
Фото: Есенжол Исабек

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер нан пісіруге қажетті жабдықтарды сатып алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Нанды кәсіпке айналдырып отырған «Нарва» ЖК нарықта жүргеніне биыл жиырма жыл толды. Кәсіпорынның директоры Кирилл Нарва отбасылық бизнеске 2009 жылы аяқ басқан. 

– Ата-анамның бастаған ісін бүгінде мен жалғастырып келемін. Біз нан-тоқаш өнімдерін жасаймыз. Нанның бірнеше түрлерін дайындап, пісіреміз – батон, «Чемпояш» пішінді нан, піспенан, багет, – деді Кирилл Нарва. – Өзім де керек кезде жұмысқа қосылуға әрдайым дайынмын. Керек кезде нанды пісіріп, әзірлей аламын. 

Үш ай бұрын кәсіпкер өз қаражатаына жаңа наубайхана цехын салды. Ал мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер 75 миллион теңгеге несие алып, керекті жабдықтарды сатып алып, ішінде жөндеу жұмыстарын жасады. Несие бойынша мөлшерлеме 21,75% құрады, кәсіпкер оның тек 8%-ын ғана төлейді. Сондай-ақ, «Даму» қорының қолдауымен несие бойынша 20% кепілдік берілді. 

– Жиырма жыл істеп тұрған наубайхананы кеңейту керек болды. Айналмалы пештер, қамыр илегіш, бөлгіш және дөңгелектеуіш машиналар Түркия елінде жасалған. Оларды Қазақстаннан сатып алдық, – деді кәсіпкер. 

Оның сөзінше, наубайханада жалпы 18 жұмыскер бар. Олар үш ауысыммен нан пісірумен айналысады. Өндіріс орында тәулігіне 10-15 мың  бөлке шығарылады. Дайын өнімдер облыс орталығының дүкендерінің сөрелеріне жөнелтіледі.