Тамызда Павлодар облысында аптап ыстық болады деп күтілуде

Тамызда Павлодар облысында аптап ыстық болады деп күтілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Синоптиктердің болжамынша, өңірде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, тамыз айында Павлодар облысының басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы +17…+19 градус шамасында болады. Бұл көпжылдық климаттық нормаға сәйкес келеді.

Жаздың соңғы айы ауа температурасының төмендеуінен басталады. Түнде ауа температурасы +11…+16 градустан +2…+7 градусқа дейін төмендесе, күндіз +27…+32 градустан +18…+23 градусқа дейін салқындайды.

Айдың алғашқы онкүндігінің соңына қарай күн қайта жылына бастайды. Аптап ыстық шамамен 20 тамызға дейін сақталады. Осы кезеңде түнгі ауа температурасы +10…+15 градус, ал күндіз +28…+33 градусқа дейін көтеріледі.

Тамыз айының соңында да өңірде ауа райы құбылмалы болады. Түнде температура +6…+11 градус аралығында болса, күндіз +31…+36 градусқа дейін ысиды.

Жауын-шашынға келсек, ай бойы қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнауы жиі күтіледі. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Синоптиктердің болжамынша, айдың соңында шаңды дауыл тұруы ықтимал. Ал алғашқы онкүндіктің ортасында екпінді жел соғуы мүмкін. Сондай-ақ айдың басы мен ортасында бұршақ жауу қаупі бар.

Мамандардың айтуынша, биылғы тамыз айының ауа райы өткен жылдың тамызына ұқсас болады.