Мойылды ауылында Металлургтер күні «Кариб теңізінің қарақшылары» стилінде аталып өтті

Мойылды ауылында Металлургтер күні «Кариб теңізінің қарақшылары» стилінде аталып өтті
Фото: ұйымдастырушылардан

Металлургтер күні қарсаңында кішкентай қатысушылар «алтын іздеушілерге» айналып, түрлі шытырман ойындарға қатысып, тәтті сыйлықтарға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шараның бастамашысы – Павлодар облысында ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқан «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» (ЕГМК) ЖШС. Болашақта кәсіпорын доре қорытпасын құйма күйінде өндіріп, оны Қазақстандағы аффинаж зауыттарына жөнелтуді жоспарлап отыр.

Осындай мерекелік шараларды өткізу – кәсіпорынның ұзақ мерзімді әлеуметтік саясатының бір бөлігі.

Бұл – Ертіс гидрометаллургиялық комбинатының Мойылды ауылы тұрғындары үшін ұйымдастырып отырған екінші іс-шарасы. Алғашқысы 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай өтіп, ауыл тұрғындарының оң бағасына ие болған еді. Металлургтер күні – болашақ комбинат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болғандықтан, компания бұл күнді Мойылды және Павлодар тұрғындарымен бірге атап өтуді дәстүрге айналдыруды көздейді.

Компания Мойылды ауылымен өзара ынтымақтастықты алдын ала жолға қойған. Себебі бұл елді мекен болашақ комбинатқа ең жақын орналасқан ауыл саналады. Ертіс гидрометаллургиялық комбинатының қызметінің негізгі қағидаттарының бірі – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Осыған байланысты кәсіпорын ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді.

Мәселен, өткен жылы жергілікті әкімдіктің өтініші бойынша компания балабақша ғимаратының қасбетін жөндеуден өткізді. Биыл бұл жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір сол мектепке дейінгі мекемедегі балалар ойын алаңындағы шағын сәулеттік нысандар толық жаңартылуда. Сонымен қатар, ауыл мектебінің футбол алаңы жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы Павлодар облысы әкімдігімен жасалған меморандум аясында жүзеге асырылуда. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Мерекелік бағдарлама ауылдағы Кәукен Кенжетаев атындағы мәдениет үйінің аумағында өтті. Балалар «алтын іздеу» ойындарына қатысып, түрлі тапсырмаларды орындағаннан кейін тәтті тағамдармен дастархан жайылып, сыйлықтар таратылды.

Іс-шараға мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерден бастап, мектеп оқушыларына дейінгі әртүрлі жастағы балалар қатысты. Сонымен қатар, мәдениет үйінде шоппер сөмкелер мен жазғы бас киімдерді сәндеп бояуға арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Жас қатысушылар өз қиялындағы суреттерді салып немесе дайын үлгілерді пайдаланып, қарапайым бұйымдарды ерекше авторлық туындыға айналдырды.

– Әр қатысушыға арнайы бояулар мен қылқаламдар дайындалды. Біз шеберлік сабағын ұйымдастырушылар ретінде балаларға үнемі бағыт-бағдар беріп, қажет болған жағдайда көмектесіп отырдық. Дайын болған жұмыстарын балалар өздерімен бірге естелік ретінде алып кетті, – дейді Павлодардағы арт-клубтың жетекшісі Леся Колбик.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер кәсіпорын мен Мойылды ауылы тұрғындары арасындағы ашық әрі сенімді диалогты біртіндеп қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты Мойылды ауылы мен жалпы өңірдің дамуына бағытталған әлеуметтік бастамаларды жалғастырып, жергілікті қауымдастықпен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жоспарлап отыр.