Павлодарда танысы студенттің атына бір млн теңгеге несие алған

Павлодарда танысы студенттің атына бір млн теңгеге несие алған
Фото: Константин Шелков

Қаладағы жоғары оқу орындарының студентіне несие алған 22 жастағы облыс тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сәуір айында студентке бір танысы келіп, оның атына тауарлық несие алуын сұрағаны анықталды. 

– Ол студенттің ұялы телефонын пайдаланып, бір миллион теңгеден астам сомаға тауарлық несие алған. Кейін банктерге төлем жасамай, мүлдем  байланысқа шықпай қойған. Оның алданғанын түсінген студент полицияға арыз жазды, – деп хабарлады Павлодар қаласының полиция басқармасының бастығы Ермек Әлжанов. 

Ұсталған адамға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы – келу туралы міндеттеме алынды.

Павлодар облысының полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға шақырады.