Владимир Линчевский: «Ертістің» қайта жандануына мүмкіндік бар

Владимир Линчевский: «Ертістің» қайта жандануына мүмкіндік бар
Фото: автор

Павлодар футболының ардагері, қазақстандық танымал бапкер Владимир Линчевский «Ертіс» клубының қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Маманның айтуынша, маусымның басталуы команда үшін қиын болды. Қазіргі таңда павлодарлық клуб турнир кестесінде 14-орында келеді. Линчевский сәтсіз нәтижелердің бір себебі ретінде бапкер таңдауда жіберілген қателікті атады.

Ол беларусьтік маман Кирилл Альшевскийдің жұмысы күткен нәтижені бермегенін айтты.

- Басынан-ақ бұл шешім маған ұнаған жоқ. Беларусьтен келген бапкерді қандай негізде шақырды? Тіпті Беларусь мамандарының өзі оның үлкен деңгейде жұмыс істегенін білмейтіндерін айтты, — деді Владимир Линчевский.

Ардагердің пікірінше, клубтағы оң өзгерістер басшылық ауысқаннан кейін байқала бастаған. Ол клуб директоры болып тағайындалған Мұрат Тілешев пен бас бапкер Нұрбол Жұмасқалиевтің жұмысына үміт артып отыр.

- Мұрат Тілешев — футболдың ішінде өскен адам. Ал Нұрбол Жұмасқалиев — Қазақстан құрамасында ойнаған, өзін толықтай футболға арнаған маман. Мұндай адамдар футболдың ішкі жүйесін жақсы біледі, — деді ол.

Владимир Линчевскийдің айтуынша, қазір команда үшін ең басты міндет — Премьер-лигада орнығып қалу. Сонымен қатар ол жақын арада ашылатын трансферлік кезеңнен де үміт күтетінін жеткізді. Бұл уақытта құрамды күшейтіп, жаңа ойыншылар тарту мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ маман клубтың өз тәрбиеленушілеріне сенім арту маңызды екенін атап өтті.

- Жастарға мүмкіндік беру керек. Мен өзім мектепте оқып жүрген кезімде негізгі құрамға шақырылып, ойындарға қатыса бастадым. Бұл үлкен мотивация береді, — деді ардагер.

Оның пікірінше, сапалы дайындық, дұрыс селекция және жергілікті футболшыларға сенім арту «Ертістің» болашақта бұрынғы биік мақсаттарына қайта оралуына мүмкіндік береді.