Павлодарда әйелдер арасындағы кәсіби футбол чемпионатының маусымы басталады
Бұл – өңір тарихындағы қыздар командалары қатысатын алғашқы толыққанды маусым, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
28 сәуір күні сағат 14:00-де Павлодардың орталық стадионында әйелдер арасындағы кәсіби футбол чемпионатының шымылдығы түріледі.
Турнирдің дебюттік кездесуінде жергілікті «Ертіс» командасы елордалық «Жеңіс» клубын қабылдайды.
– Біздің команда негізінен Павлодар футбол мектебінің түлектерінен құралған. Олар бұған дейін Қазақстан чемпионаттары мен QJ League қыздар біріншілігінде жүлделі орындарға ие болған. Сондықтан бұл ойын – аруларымыз үшін маңызды қадам, әрі үлкен жауапкершілік. Жанкүйерлердің қолдауын күтеміз! – деді клубтың баспасөз қызметі.
Жалпы жарысқа екі конференцияға бөлінген 19 команда қатысады. Биыл жыл басында құрылған «Ертіс» әйелдер командасы үшін бұл – QFL Қазақстан әйелдер лигасындағы алғашқы сынақ.
Кіру тегін.