Жұрт не дейді? Павлодарлық психолог әйелдердің қателігін атады
Мекемеде оларға түрлі қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Ана үйі» қорының психологі Айнагүл Шукурова мәлім етті.
– Орталыққа көбіне балалар үйінің түлектері жүгінеді. Сондай-ақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер келеді, алайда біздің қызметіміз тек оларға ғана бағытталмаған. Өмірлік қиын жағдайға тап болған жас аналарға да қол ұшын созамыз. Осылайша жетім балалардың санын азайтуға үлес қосудамыз, – дейді Айнагүл Шукурова.
Маманның айтуынша, айына орталыққа зорлық-зомбылыққа тап болған және кішкентай баласы бар әйелдерден 4-5 қоңырау түседі, дегенмен олардың кейбіреуі ғана орталықта қалады. Жаралары жазылған соң үйлеріне қайта барады.
– Бірде орталыққа келген әйел күйеуінен бес мәрте кеткен. Жолдасы ішімдік ішіп, ұрыс-төбелес шығарып, үйден қуған. Тіпті, баласының заттарын өртеуге дейін де барған. Көбінесе әйелдер «Ұят болады», «Жұрт не дейді?» деген оймен ажыраспай, үйлеріне қайтып оралады. Бүгінде мұндай жағдайлар азайған, карантин кезінде орталыққа күніне бес адам жүгінетін, – дейді спикер.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда балалары бар әйелдердi әлеуметтiк-психологиялық сауықтыру және бейiмдеу Павлодар қалалық орталығында 51 адам тұрады. Оның ішінде 15 әйел, 36 бала бар. Орталыққа кәмелетке толмаған балалары бар, өз бастамасы немесе мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша жүгінген әйелдер қабылданады. Тұру мерзімі – бір күннен бір жылға дейін.