Павлодарда ашық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті
40-тан астам жұмыс беруші бос жұмыс орындарын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық жағажайдағы «Ertis Promenade» сахнасының алдында жастар бастамаларын дамыту орталығы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеде 47 жұмыс беруші бос орындарды ұсынып, жарнамалады.
– Ашық аспан астында жағажайда «бос жұмыс орындары» атты жәрмеңке ұйымдастырдық. Мұндай шара бұған дейін де өткізілген болатын. Жәрмеңке арқылы тек жастарды ғана емес, ересектерді де жұмыспен қамтығымыз келеді, – дейді жастармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Жандарбек Қабдраш.
Жәрмеңкеге келгендер жұмыс берушілермен жұмыстың тәртібі мен талаптары жайлы сұрап білді. Шара барысында медицина және полиция қызметкерлері де бос жұмыс орындары жайлы ақпарат ұсынды.
– Осындай жобалардың ұйымдастырылғанына өте қуаныштымын. Бүгінде жастардың көбі – жұмыссыз. Көптеген адам өздеріне жұмыс тауып жатады, бірақ жәрмеңкеге келген жастардың саны аз, – дейді қала тұрғыны Айгүл Айдарова.
Шараға «Batyr Mall» ойын-сауық орталығы, «Крендель», «Средазэнергомонтаж Павлодар» ЖШС, Павлодар облысының ақпараттандыруды дамыту орталығы, «Павлодар Водоканал» ЖШС, «Қазақстан су жолдары» және облыстың ірі зауыттарының қызметкерлері тұрғындарға жұмыс ұсынды.