Қылмыстық топ «Ертіс орманынан» 153 миллион теңгеге ағаш ұрлаған

Қылмыстық топ «Ертіс орманынан» 153 миллион теңгеге ағаш ұрлаған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі ақпарат таратты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

Күдіктілер аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырумен және лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланумен байланысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу бойынша айыпталды.

Шарбақты ауданының аумағында «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры бастаған ұйымдасқан қылмыстық топ 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың желтоқсаны аралығында технологиялық және отын ағаштары түріндегі іскерлік сүректі заңсыз сату арқылы шамамен 153 миллион теңге сомаға орман ұрлаған,  – деп жазылған хабарламада.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары соттың санкциясымен қамауға алынды.

Осыған ұқсас қылмыстар үшін бұрын «Семей орманы» басшылығы сотталған болатын.

Аталған қылмыстардың жасалу себептерін талдау көрсеткендей, тұрақты жемқорлық схемалары жолын кесу үшін жүйелі және кешенді шаралар қабылдау қажет.

Агенттік бейінді министрліктің атына тиісті ұсыныс жолдады.

Еске сала кетейік, 26 қаңтарда тергеу сотының санкциясымен резерват басшысы екі ай мерзімге қамауға алынды. Сонымен қатар, резерваттың бес бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.