Қазақ күресі: Павлодар облысында полицейлер боз кілемде белдесті

Қазақ күресі: Павлодар облысында полицейлер боз кілемде белдесті
Фото: ПД

Шара полиция лейтенанты Асхат Кудериннің құрметіне ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, дода полиция ведомствосының бөлімшелері арасында ұйымдастырылған. Турнирге 9 команда қатысты. 

Ертіс аудандық полиция бөлімінің бастығы Қуат Түсіпбеков лейтенант Асхат Кудерин жайлы естеліктермен турнирді ашты.

- Асхат Кудерин 1980 жылы Ертіс ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарына 2001 жылы кіріп, тылдық қамтамасыз ету тобының полицейі, содан кейін УҚҰ кезекші - полицейі қызметінен бастады. 2018 жылдың қараша айында Ақсу қаласына патрульдік полиция қызметінің инспекторы болып барады. Өкінішке қарай, 2021 жылдың 12 сәуірінде лейтенант сырқаты салдарынан қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапты. Қызмет барысында 25 көтермелеу, ҚР ІІМ департаментінің медальдары мен грамоталарымен марапатталды, - деді ол.

Турнирге Асхаттың жұбайы Әйгерім Кудерина қатысты. Ол жарының өз ісіне адал болғанын атап өтіп, Асхатты ұмытпаған әріптестеріне ризашылғын білдірді.

- Біз үшін ол мәңгі  адал жар және қамқор әке болып қала береді. Оның өмірі тым қысқа болды. Оның соңынан мен тәрбиелеп отырған үш бала қалды. Біз туралы ешқашан ұмытпайтын полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын, олар әр мереке сайын отбасын, балаларды құттықтайды. Бүгінгі турнир - осының жарқын дәлелі, - деді Әйгерім Кудерина. 

Сайыс қорытындысы бойынша Павлодар облысы ПД Елемес Батырбек, Ертіс ауданы ПБ Арғын Тезекпай және Павлодар қаласы ПБ Есенбек Жайлаубай өз салмақ дәрежелерінде үздік атанды.

Екінші орынға Шарбақты ауданы ПБ Бағұстар Жарылғасынов,  Екібастұз қаласы ПБ Серік Әділ және Тереңкөл ауданы ПБ Әлихан Әбілғазинов ие болды. 

Үздік үштікті  Павлодар облысы ПД Төлеубаев Асылхан, Ақсу қаласы ПБ Айбол Мектепхан, Ақсу қаласы ПБ Темірлан Сәрсенбаев, Екібастұз қаласы ПБ Арман Оразаев, Павлодар облысы ПД Әділжан Балтаев және Ертіс ауданы ПБ Талғат Зайниденов түйіндеді.

Командалық есепте полиция департаменті аппаратының командасы үздік атанса, Екібастұз қаласы ПБ командасы екінші орын алды. Ал Павлодар қаласы ПБ командасы үшінші орынға тұрақтады. 

Турнир соңында барлық жеңімпаздарға грамоталар, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.