Павлодарда айыппұл төлеуден жалтарған тұрғын көлігінен айырылды
Оның қарызы 172 мың теңгеге жеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, осы күндері әкімшілік айыппұлды қасақана төлемегендерден 6 млн. теңге өндірілген.
- Іс-шараны өткізу кезінде тәртіп сақшылары Тойота маркалы автокөлікті тізгіндеп келе жатқан 35 жастағы павлодарлықты тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің ағымдағы жылдың қаңтар айында ЖҚЕ бірнеше рет бұзғаны анықталды. Оның 4 әкімшілік айыппұлы болған. Жалпы берешегі 172 мың теңгеге жеткен. Автокөлік қарызы толық өтелгенге дейін мамандандырылған айып тұрағына қойылды, - деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Іс-шараны өткізу кезеңінде мемлекеттік органдар мен мекемелерге, барлық меншік нысанындағы ұйымдарға қызметтік және жеке автокөлік бойынша, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар қызметкерлерге, оның ішінде өткен жылдар бойынша хаттар мен нұсқамалар жіберілетінін еске саламыз.
Рейдтік іс-шараларды жүргізу кезінде полиция қызметкерлері автокөлікті заңды негізде тоқтатады. Өтелмеген әкімшілік айыппұлдар табылған жағдайда көлік борыш толық өтелгенге дейін айып тұрағына қойылады.
Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары сот орындаушыларымен бірлесіп, қарызгерлердің тұрғылықты жері бойынша іс-шаралар өткізеді.