Қымбат косметика сатып алған Павлодар тұрғынының құқығы қорғалды
Күтім құралдарының бағасы – 1 миллион 200 мың теңге, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қала тұрғыны облыс орталығындағы сұлулық салондарының біріне барып, кейін күтім құралдарын сатып алған. Алайда, үйіне келген соң райынан қайтып, тауарды кәсіпкерге қайтармақшы болған.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушевтың айтуынша, әйел кәсіпкермен жасалған келісімшартты бұзуға бел буған. Дегенмен, британдық косметика дистрибьюторы тауар сомасынан айыппұл ретінде 15%-ұстап қалатынын жеткізді.
– Айыппұл құны 180 мың теңгені құрады. Павлодар тұрғыны мамандардың көмегіне жүгінді. Осы шағымның негізінде тексеріс ашылды. Осылайша, тұтынушының құқығы қорғалып, тауар бағасы толық қайтарылды, – дейді Дәулен Қабдушев.
Мамандар тұтынушылар өз құқықтарын қорғау үшін уақытында шағым түсірудің маңыздылығын ескертеді. Тиісті құжаттар негізінде тексеріс ашылады.
Жыл басынан бері облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1605 шағым түскен. Өткен жылы 1304 дерек тіркелген. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде тұтынушыларға 88 миллион теңге қайтарылды.
Азаматтардың құқықтары жиі бұзылатын салалардың қатарында бөлшек сауда, тұрмыстық қызметтер ұсыну және электронды сауда-саттық бар.