Павлодар облысында қазаннан бастап коммуналдық төлемдер өзгереді

Павлодар облысында қазаннан бастап коммуналдық төлемдер өзгереді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Тарифтегі өзгеріс бірінші қазаннан басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мұнда электр энергиясының бағасы өссе, ауызсу мен сарқынды суды бұру қызметтерінің құны төмендейді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, ведомства жылумен, сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау және басқа да коммуналдық қызметтерді реттейді. Сондай-ақ тарифтердің негізділігін, тарифтік қаражаттың мақсатты жұмсалуын және инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылайды.

– Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында мекемеге тарифтерді бекіту және өзгерту, инвестициялық бағдарламаларға қатысты 52 өтінім түсті. Оның екеуі электр энергиясының шекті бағасын көтеру туралы болды. Қарау қорытындысының нәтижесінде 11 материал бойынша бас тарту болса, 10 өтінімді табиғи монополия субъектілері кері қайтарып алды. 20 өтінім бойынша әкімшілік акт қабылданды, 13 өтінім қаралуда, – деді ол.

Департамент басшысының айтуынша, Павлодар мен Екібастұз қаласынан басқа аумақтарда электр энергиясының тарифі өзгереді. «Павлодар өңірлік электр желілік компаниясы» АҚ 31 шілдеде электр энергиясының шекті бағасын көтеру туралы ақпарат ұсынған. Кәсіпорын сатып алынатын электр энергиясының, энергия беруші ұйымдар тарифтерінің, ұлттық электр желісін пайдалану және электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру қызметтерінің қымбаттағанын негіз ретінде көрсеткен.

Қазір электр энергиясының шекті бағасы 34,76 теңге болса, кәсіпорын оны 38 теңгеге дейін көтеруді ұсынған. Департамент алдын ала 36,79 теңге деңгейінде келісуді жоспарлап отыр. Атап өтерлігі бұл – қосылған құн салығынсыз көрсеткіш.

Тұрмыстық қажеттілікте электр энергиясын пайдаланатын халық үшін тариф құны 1 кВт сағатына 22 теңге болады. Қолданыстағы бағамен салыстырғанда өсім – бір теңгені құрайды. Тұрмыстық емес мақсатта электр пайдаланатын тұтынушылар, оның ішінде бизнес өкілдері үшін тариф 38,85 теңгеге артады. Бұл 1,85 теңгеге қымбат. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар үшін тариф 90,66 теңге, 7,74 теңгеге қымбаттайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндіретін кәсіпорындарға арналған тариф 36,79 теңге болады деп жоспарланған. Өсім – екі теңгені құрайды.

Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, электр энергиясының қымбаттауына негізінен оны сатып алу құнының өсуі әсер еткен.

– Бірыңғай сатып алушы мен сатушы электр энергиясының бағасын 15 шілдеден бастап 14 теңгеден 17 теңгеге өзгертті. Соның салдарынан электр энергиясын өткізу көлемін ескере отырып, қосымша шығын пайда болды, – деді департамент басшысы.

Екібастұзда да электр энергиясының тарифі өзгереді. Қалалық электр желісі ЖШС қолданыстағы 35,72 теңгелік шекті бағаны 40,38 теңгеге дейін көтеруді ұсынған. Ведомства орташа босату тарифін 38,42 теңге деңгейінде келіседі. Қала тұрғындары үшін тариф 28,31 теңге болады. Өсім – екі теңге. Тұрмыстық емес қажеттілікке электр пайдаланатын тұтынушылар үшін баға 2,84 теңгеге жоғарылайды. Бюджеттік ұйымдар үшін тариф өзгермейді, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілер үшін өсім 2,7 теңгені құрайды.

Жаңа электр тарифтері 1 қазаннан бастап енгізіледі. Егер электр энергиясын сатушы немесе тасымалдаушы ұйымдар тарапынан қосымша қымбаттау болмаса, бұл бағалар 2027 жылдың қыркүйегіне дейін сақталады.

Ал шаһарда ауызсу тарифі төмендейді. Сот шешімін орындау аясында халық үшін ауызсу құны өткен жылғы деңгейде – 97,01 теңге/текше метр болып бекітілген. Алайда департамент қыркүйекте өтемдік тариф енгізу туралы шешім қабылдады. Соған сәйкес 1 қазаннан бастап тұрғындар үшін ауызсудың бағасы 92,35 теңге/текше метрге дейін төмендейді. Яғни құны шамамен бес теңгеге арзандайды. Өтемдік тариф бір жыл бойы қолданылады.

Техникалық су тарифі халық үшін төрт теңгеге, өзге тұтынушыларға 19 теңгеге төмендейді. Сарқынды суды бұру және тазарту қызметі бойынша тұрғындарға арналған тариф бір теңгеге, басқа тұтынушылар үшін тоғыз теңгеге, бюджеттік ұйымдар үшін 20 теңгеге азаяды. 

Департамент түсіндіргендей, өтемдік тариф табиғи монополия субъектісі бекітілген шығындарды немесе инвестициялық бағдарламада көзделген іс-шараларды толық орындамаған жағдайда енгізіледі.

Айта кетелік, жылу тарифі бойынша үшінші тоқсанда өзгеріс болған жоқ. Павлодар жылу желілері ЖШС үшін халыққа арналған тариф 4048 теңге/Гкал деңгейінде қалды. Ол ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап қолданыста және жыл соңына дейін өзгермейді деп күтілуде.

Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, биыл жылу тарифінің күрт өсуі күтілмейді. Халық үшін қолданыстағы баға 2024 жылғы 4078 теңгеден де төмен деңгейде қалып отыр.

Осылайша, қазан айынан бастап облыста коммуналдық төлемдер бойынша өзгеріс әр қызметке қарай әртүрлі болады. Электр энергиясы қымбаттаса, ауызсу мен сарқынды суды бұру тарифтері төмендейді, ал жылу бағасы әзірге өзгеріссіз қалады.