Қыстың дәмі мен берекесі: Павлодарлықтар соғымға малды қалай дайындайды?
Бұл – жай ғана қысқа ет дайындау емес, ғасырлар бойы жалғасқан дәстүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Железин ауданында шамамен 14 мың адам тұрады және әр отбасы соғым соятыны анық. Аудан орталығының тұрғыны Шұға Нұрғалиева қазіргі жастар көшпенділер дәстүрін ұмытты деген күмәнді сейілтті.
Шұға апай «күздік» пен «соғымның» айырмашылығын түсіндіріп, екеуінің де маңызын атап өтті.
– Күзгі етке ірі қара малды семіртеміз. Ол үшін малды баптап, өсіру керек. Ата-бабамыз «40 күн байлайсың, 40 күн семіртесің» деп бекер айтпаған. Бұл – соғымның сыры. Қыстың азығын осылай дайындап, баптасаң, ет жұмсақ, шүйгін болады, – дейді Шұға Нұрғалиева.
Нұрғалиевтер әулетінде соғым – ғасырлар бойы қалыптасқан ерекше дәстүр. Жанұяның үлкендері қазан айының соңында малды таңдап, қораға байлап қояды.
– Соғымға біз жайлаудан келген малды алмаймыз. Оның еті қатты болады, сорпасы дәмді шықпайды. Сондықтан жылқыны қораға байлап, 40 күн күтеміз. Оны дұрыс азықтандыру да бір өнер: әр отбасының өз әдісі бар. Жылқы лас шелектен су ішпейді, сапасыз жемді жемейді. Сол себепті бізде жем-шөп арнайы мәзір бойынша беріледі, – дейді Шұға апай.
Нұрғалиевтер отбасында жеті ағайынды бар және әр соғымда бәрі бас қосады. Мал сою үлкен отбасылық мерекеге айналады. Бір дастархан басында туыстар ғана емес, көршілер де келеді. Бірі қыстың тоқ болуын тілейді, бірі жаңа піскен еттен жасалған қуырдақтан дәм татуға асығады. Жақындарға дастархан жайылыр, ауылдың үлкен азаматтары арнайы шақыртылады.
Қала тұрғындары үшін бәрі басқаша. Павлодарлықтардың арасында малды ет немесе тірі күйінде хабарландыру арқылы сатып алып, соятындары бар.
@Pavlodarnews.kz тілшісі еттің тірідей бағасын сұрастырды. Мысалы, Павлодардың іргесіндегі Кемеңгер ауылының фермері етті бөліп, үйге жеткізіп береді. Тіпті, малдың жартысын сатып алуға мүмкіндік бар. Саудада әртүрлі жастағы жылқылар бар: құнан, тай.
«Семіртілген еттің бір келісі 2800 теңгеден сатамыз. Сіз өзіңіз бас немесе жартысын таңдайсыз, бөлшектеу тегін және көзіңіздің алдында жасалады. Біз тек етті электронды таразымен өлшейміз, ішек-қарын тегін беріледі. Етті үйге жеткізу тегін. Павлодардан небәрі 20 шақырым жердеміз. Жылқының бір басының салмағы 160 келіден басталады. Тірідей сатпаймыз», – дейді фермер.
Мұндай хабарландырулар үлкен сұранысқа ие: жарияланғанына үш-ақ күн болса да, қаралымы 37 мыңнан асқан.
Басқа ұсыныстар да жетерлік. Павлодарлықтар өз қалауынша тайыншаның етін де сатып ала алады. Жас сиыр етінің бір келісі 3200 теңгедан саудаланады.
«Соғымға семіртілген мал сатамын: сиыр, жылқы, қой. Барлығы жаз бойы жайлауда жайылған, еті қызыл, дәмді. Мал мұсылманша сойылады, қалаға жеткізу тегін. Етпен бірге бас, сирақ, бауыр, өкпе, қарын және жүрек беріледі. Бұзаулар 8–9 айлық – 270 мың теңге, бір жасары – 300 мың теңге (салмағы 90–100 келі), бір жарым жасар – 400 мың теңге (120–130 келі), үш жасар – 550–600 мың теңге. Қалаған уақытта хабарласыңыз, соғымыңыз дәмді болсын», – делінген хабарландыруда.
Ал статистика не дейді? Облыстық статистика департаментінің деректеріне сүйенсек, Павлодар облысында ірі қара жас малдың бағасы 323–380 мың теңге аралығында. Ең қымбат мал – Ақсу мен Шарбақты аудандарында өсірілген. Етті сиырлар 380–570 мың теңге тұрады, ең қымбаттары – Павлодар ауданында және Екібастұз ауылдарында. Үш жастан асқан жылқылардың бір басы 520–670 мың теңге аралығында, ал үш жасқа дейінгі жас мал 581–600 мың теңге тұрады. Жарты жасқа дейінгі құлындардың орташа бағасы – 329 мың теңге.
Соғым сою – қазақ халқының ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүрі. Ежелгі салт кез келген уақытта өзекті болып қала бермек.