Павлодарда этномәдени фестиваль ұйымдастырылды
Шараға 200-ден астам өнерпаз қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Халықтың бірлігі – өркендеудің негізі» атты облыстық этномәдени фестиваль-конкурсының қорытынды гала-концерті өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ассамблея – қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықтың, өзара құрмет пен теңдіктің символы. Этнофестиваль – түрлі этностардың өнері мен мәдениетін тоғыстырған, ел бірлігі мен достықты дәріптейтін мереке. Бұл шара еліміздегі бейбіт өмір мен ортақ құндылықтардың жарқын көрінісі болып табылады, – деді облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова.
Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы- этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Қымбат Досжанованың айтуынша, фестиваль барысында кәсіби қазылар алқасы облыстың қалалары мен аудандарында болып, көркем өнерпаздар ұжымдарының өнерін бағалады. Үздік деп танылған қатысушылар гала-концертте өнер көрсетіп, бағалы сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды.

«Қоғамдық келісім» басшысы Нүрия Кубенова фестиваль жыл бойы барлық аудандар мен қалаларда өткенін алға тартты.
– 770-тен астам шығармашылық ұжымды қамтыды. Солардың арасынан үздік деп танылған 200-ден астам өнерпаз қорытынды гала-концертте өнер көрсетті, – деді ол.
Сахнада қазақ, орыс, татар-башқұрт, украин, неміс, шешен-ингуш, өзбек, армян, белорус, кәріс және басқа да этномәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары өнерлерін паш етті.
Фестивальдің маңызды бөлігі ретінде қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, онда ұлттық мәдениеттің бай мұрасы таныстырылды.

Көрмеге қатысушылардың туындылары – қазақтың кестелі киімдері, ағаш пен теріден жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер мен тоқыма өнімдері көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Қазылар алқасының шешімімен үздік шеберлер марапатталды.
Өмірбек Зейнолда ұлттық өнерді ұлықтап, жоғары шеберлік көрсеткені үшін бірінші дәрежелі дипломмен марапатталса, екінші дәрежелі дипломмен Селивончик Евгений украин этномәдени бірлестігі мен Гүлбақыт Жұмасанова және армян этномәдени қауымдастығының шебері Галина Скляр ие болды. Ал Айсұлу Бисмильдина мен неміс этномәдени бірлестігінің өкілі Любовь Яркова және белорус этномәдени бірлестігінің мүшесі Владимир Острейчук үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Барлық жүлдегерлерге дипломдармен қатар тұрмыстық техника, микротолқынды пештер, шай сервиздері және кәдесыйлар табысталды.