Қайырымды павлодарлықтар марапатталды

Қайырымды павлодарлықтар марапатталды

Олардың үшеуі «Мейірімділік керуені» V республикалық конкурсының жүлдегері атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда өңірлік конкурс қорытындылары шығарылды. Жиылғандарды Алғыс айту күнімен құттықтаған Қазақстанның Іскер әйелдер ассоциациясы Павлодар филиалының және конкурстық комиссия төрайымы Аурика Дяк қатысушыларына игі істері үшін рахмет айтты.

Әрі қарай республикалық конкурстың жүлдегерлерінің еңбектері еленді. Олардың қатарында суға батып бара жатқан екі бірдей баланы Ертістен алып шыққан полицей Азамат Саянов, үйлерінде тоңып жүрген зейнеткерлер мен балаларға пана болған Екібастұздың «Савой» қонақ үйінің иесі Шаттық Сүйіншиева және зағиптарға арналған облыстық мамандандырылған кітапхана басшысының орынбасары Ләззат Қуантаева болды. 

- Біздің кітапханада ерекше атмосфера бар. Оқырмандарымызға сүйіспеншілікпен қараймыз. Мен адамдарға жақсылық жасауға, пайда тигізуге тырысатынмын. Осы күні мен баршаға қуаныш, бақыт пен құт-береке тілеймін, - деді Ләззат Қуантаева.

Әрі қарай «Мейірімділік керуенінің» өңірлік бөлігінің жеті номинация бойынша жеңімпаздары марапатталды. Олардың ішінде Педагогикалық университет аға оқытушысы Мұрабек Омаров та болды. Ол «Туған жер» номинациясында үздік шықты. 

Педагог бастама көтеріп, Баянауыл ауданының Күркелі ауылында қор құрып, ауылдың инфрақұрылымын жаңартуда. Былтыр демеушілердің қолдауымен ауылда футбол алаңы ашылды. Оған дейін Күркеліде саябақ пайда болды.

Фото: автор