Павлодар облысында мал жаю талаптарын бұзғандар айыппұл арқалауда

Павлодар облысында мал жаю талаптарын бұзғандар айыппұл арқалауда
ЖИ иллюстрациялық суреті

Жыл басынан бері 30 мыңға жуық қараусыз мал айып тұрағына жеткізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгінде жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жол бойында қараусыз жүрген мал тақырыбы өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі, қараусыз жайылған жануарлар жол-көлік оқиғаларына себеп болып, адамдардың зардап шегуіне әкелуі жиілеген.

Құқық қорғау органдарының мамандары малды қараусыз қалдыру фактілерін анықтау бойынша тұрақты түрде рейдтік іс-шара жүргізіп келеді. Мал иелері  ауыл шаруашылығы жануарларын тиісті түрде бағуды қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдамай, төрт түлікті қараусыз қалдыратын жағдайлар анықталуда.

Мәселен, Павлодар – Астана автожолының 168-шақырымында және Павлодар – Русская Поляна автожолының 6-шақырымында тәртіп сақшылары қараусыз жайылып жүрген жылқыларды анықтады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мал иелерін анықтап, қараусыз жүрген мал айып тұрағына қамалды. Ауыл тұрғындарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. 

– Жалпы, өңірде үй жануарларын қараусыз жіберу фактілері азаймай тұр. Мәселен, жыл басынан бері Павлодар облысында 27 148 бас мал айып тұрағына жеткізілген. Мал жаю талаптарын бұзған 1794 жауапсыз мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Осыған байланысты полиция мал иелеріне жануарларды қараусыз қалдырмауды және олардың жайылымнан елді мекендер аумағына және автомобиль жолдарына шығып кетпеуін қатаң уды ескертеді.

Мал иелері жануарларды тиісті күтіммен қамтамасыз етіп, оларды белгіленген тәртіппен бағуы, сондай-ақ олардың жолдың жүріс бөлігіне шығып кетуіне жол бермеуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс.

Жол қауіпсіздігі — әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Жүргізушілердің қырағылығы мен мал иелерінің жауапкершілігі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.