Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі павлодарлық бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашады

Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі павлодарлық бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық кәсіпкерлер палатасында индустриялық саясат, қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін жүргізу және мемлекеттік қолдау шараларының өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кездесуді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам жүргізді. Жұмыс сапарымен өңірге келген «QazIndustry» АҚ мамандары кәсіпкерлерге өндірісті дамытуға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері мен қазақстандық тауар өндірушілердің жаңа тізілімі туралы жан-жақты ақпарат берді.

Іс-шараға индустриялық саясат дирекциясының бас сарапшысы Томирис Қарабалина, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау дирекциясының бас сарапшысы Қалқа Тәңірбегенова және мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясының бас сарапшысы Ясинхан Сайлауқызы қатысты.

Кездесу барысында кәсіпорындардың өндірістік жабдық сатып алуға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу тетіктері, сондай-ақ отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау құралдары кеңінен таныстырылды.

Қалқа Тәңірбегенованың айтуынша, Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі – отандық өнім өндірушілер мен олардың өнімдері туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік ақпараттық жүйе. Оның басты артықшылығы – кәсіпкерлер үшін тегін қолжетімді болуы.

– Бұған дейін қазақстандық тауар өндіруші мәртебесі СТ-KZ сертификаты және индустриялық сертификат арқылы расталатын. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың орнына Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі енгізілді. Енді өндірушінің мәртебесі осы тізілімнен алынған үзінді көшірме арқылы расталады, – деді Қалқа Танірбегенова.

Спикерлердің айтуынша, жаңа жүйе отандық өндірушілердің мемлекеттік қолдау құралдарына қолжетімділігін жеңілдетіп, мемлекеттік сатып алу мен басқа да қолдау бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.

Кездесу соңында павлодарлық кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, кәсіпорындарды тізілімге енгізу тәртібі мен тіркелудің артықшылықтары жөнінде толық ақпарат алды.