Павлодарлық әскери бөлімде Қаңтар оқиғасында қаза болған жауынгерлерді еске алды

Павлодарлық әскери бөлімде Қаңтар оқиғасында қаза болған жауынгерлерді  еске алды
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі

6679 әскери бөлімі Қаңтар оқиғасында қаза тапқан Ұлттық Ұлан сарбаздары Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың ерлігін үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Былтырғы жылы орын алған қасіретті оқиғада қаза тапқан қос сарбаз III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Тосыннан туған дүрбелеңде әскерде жүрген 19 жасар Мадияр Қайсаров 5 қаңтар күні Қызылорда қаласында 5547 әскери бөлімінің қатарында қасиетті борышын өтеді. Ол өз әріптестерінің қауіпсіздігін өз жанынан биік қойып, трагедиялық жағдайда көз жұмды. Ұлттық Ұлан қатарында әскери борышын өтеп жүрген Айбат Аманов та есі кеткен тобырмен ақтық демі шыққанша күресіп, өзінің нағыз ержүрек азамат екендігін дәлелдеп, жан тапсырды.  

– Қыршыннан қиылған екі жастың қазасы баршамыздың қабырғамызды қайыстырады. Ұлттық Ұлан сарбаздарына тірісінде ерлігімен қаза болған қос батырымызды қысылтаяң шақта Отанға қызмет етудің үлгісі ретінде дәріптеу – борышымыз. Қыршындай үзілген жас ұландарымыздың рухтары пейіште шалқи берсін! Айбынды екі азаматымыздың тәртіп пен тыныштықты күзеткен  жанкешті ерлігі мәңгілік жүрегімізде қалмақ, – деді ҚР Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы  баспасөз қызметінде. 

Ұлттық Ұлан қатарында осындай жүректі азаматтар мен сарбаздар барда елімізге бөтен жұрт көз тігіп, ішкі алауыздық болмайтынына кәміл сенімді екенін айтады.