Павлодарда аманаттықтар әйелдер саулығын талқылады

Теңтөрағалар әйелдердің денсаулығын нығайту және психологиялық қолдау қызметін дамытуға бағытталған жобаларды ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Партияның облыстық филиалы мәлімдегендей, Әйелдер қанатының жетекшісі Света Абдраманованың төрағалығымен аймақтық кеңестің отырысы өтті.
Кездесуде қатысушылар «ӘЙЕЛ АМАНАТЫ» аймақтық бағдарламасының жобасына ұсыныстарды талқылап, әйелдерді қолдауға және олардың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған пилоттық бастамаларды таныстырды.
Отырысқа «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Николай Дычко қатысты. Ол Әйелдер қанатының партияның әлеуметтік бастамаларын ілгерілетудегі және өңірлік деңгейде партиялық міндеттерді жүзеге асырудағы белсенді алаң екенін атап өтті.
Аймақтық кеңестің теңтөрағалары – Динара Айтжанова, Салтанат Төлегенова және Марина Стрелковская өңір әйелдерін толғандыратын өзекті мәселелерге арналған жобаларын ұсынды.
Динара Айтжанова мен Салтанат Төлегенова ұсынған жоба өңірдің еңбек ұжымдарында жұмыс істейтін әйелдердің денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға және еңбек әлеуетін сақтау мәселелеріне арналды.
– Бүгін ауруды емдеуден бұрын, оның алдын алу маңызды. Біздің мақсатымыз – әйелдердің салауатты өмір салты, аурулардың алдын алу және ерте анықтау мүмкіндіктері жөнінде хабардарлығын арттыру. Денсаулығы мықты әйел – берекелі отбасы мен қуатты елдің кепілі, – деді Динара Айтжанова.
Марина Стрелковская өңірлік психологиялық қызметті дамыту тұжырымдамасын ұсынды.
– Біз физикалық қана емес, психологиялық саулық туралы да айтуымыз керек. Әйелдер көбіне өзгелерге қамқор болып, өздерін ұмытып кетеді. Біздің мақсатымыз – әр әйел өзіне қажетті кеңес алып, уақтылы тексеруден өтіп, ішкі тепе-теңдігін сақтай алатын қолдау жүйесін қалыптастыру, – деді Марина Стрелковская.
Кездесу қорытындысында «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының іс-қимыл бағдарламасы мақұлданды. Ұсынылған жобалар жақын уақытта жүзеге асырыла бастайды.