Үкімет Ақтоғайдағы қайғылы оқиғаны бақылауға алды

Үкімет Ақтоғайдағы қайғылы оқиғаны бақылауға алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

20 шілде күні Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы «AQTOGAI MILK» ЖШС аумағында өндірістік жабдықтарға қызмет көрсету кезінде болған жазатайым оқиға салдарынан алты адам қаза тауып, бір қызметкер зардап шекті.

ҚР Еңбек министірлігінің мәліметінше, оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Үкімет тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері енді.

Комиссия жазатайым оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерделеп, оның себептерін анықтап, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша нақты ұсыныстар әзірлейді.

Қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына және зардап шеккен азаматқа мемлекеттік органдар мен жұмыс беруші тарапынан қажетті көмек көрсетіледі. Компания материалдық қолдау көрсетумен қатар, қаза болған қызметкерлердің жалақысы көлеміндегі төлемдерді осы жылдың соңына дейін сақтайды және олардың несие міндеттемелерін өтейді. Сондай-ақ марқұмдардың кәмелетке толмаған балаларына кәмелеттік жасқа толғанға дейінгі асырау және білім алу шығындарын толық өз мойнына алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Павлодар облысына арнайы барып, оқиға орнында болып, өңір басшылығы, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерімен үйлестіру кеңесін өткізді. Сонымен қатар министр қаза тапқандардың туыстарымен кездесіп, көңіл айтып, мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысы Үкіметтің бақылауында.