Павлодарда кардиоорталықта болған өрт медициналық көмек көрсетуге әсер еткен жоқ

Павлодарда кардиоорталықта болған өрт медициналық көмек көрсетуге әсер еткен жоқ
Фото: Константин Шелков

Өрт салдарынан заманауи жабдық істен шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтың айтуынша, ангиографтардың бірі зақымданған.

– Ангиографқа үздіксіз қуат көзі қосылған, оның құрамында 20 аккумулятор бар. Солардың бірінде қызып кету немесе түтіндеу жағдайы болған болуы мүмкін. Енді жабдықты ауыстыру қажет. Кардиоорталықта үш ангиограф бар, олар жұмысын жалғастырады. Медициналық көмек көрсету үшін бұл жеткілікті, сондықтан оқиға орталықтың жұмысына әсер етпейді, – деп түсіндірді Ермек Кучуков.

Еске салайық, өрт екі күн бұрын ғимараттың екінші қабатындағы техникалық бөлмеде орналасқан электр қалқанында болған. Павлодар облысы ТЖД мәліметінше, аккумулятор батареялары жанған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, жалынды сөндірді. Өрт аумағы екі шаршы метрді құрады. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін ғимараттан орталықтың 30 қызметкері өздігінен эвакуацияланды.