Павлодарда өрт сөндірушілер бау-бақша аумағындағы құрғақ шөп өртін сөндірді

Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 маусым күні сағат 15:15-те «Восточный» және «Надежда» бау-бақша серіктестіктерінің аумағында құрғақ өсімдіктің жануы туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жалпы аумағы шамамен 10 гектар болатын қараусыз қалған жерлердегі өртті сөндірді.
– ТЖД қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылы мен дұрыс таңдалған тактиканың нәтижесінде өрт ошағы жедел оқшауланып, жалынның тұрғын үйлер мен басқа да учаскелерге таралуына жол берілген жоқ. Өрт сағат 18:36-да толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, – делінген хабарламада.
ТЖД мамандары тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды, бау-бақша мен саяжай аумақтарында ашық от жағуға, қоқыс пен құрғақ шөпті өртеуге тыйым салынатынын ескертеді. Сондай-ақ учаскелерді жанғыш материалдардан уақтылы тазартудың маңызын еске салады.