Ақсуда спорт мектебі теннис үстелін жалға алу үшін қыруар қаржы төлеген
Облыстық Антикор спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ведомство спорт саласында талдау барысында жекелеген кәсіптік клубтарды қаржыландыру, спорт объектілерін жалға алу кезінде бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланумен байланысты көптеген бұзушылықтарды анықтаған. Жалған дипломдармен жұмысқа орналасу, жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізу және спорттық разрядтарды беру кезінде бұзушылықтар орын алған.
– Мәселен, 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Ақсу №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі «DAAB GROUP» ЖШС-мен алты теннис үстелін жалға алуға жыл сайынғы шарттар жасасады, төлем 18 миллион теңгені құрайды. Алайда тауарлар каталогында үстел, тор, екі ракетка және үш доптан тұратын үстел теннисіне арналған жиынтықтың орташа құны 200-400 мың теңге аралығында көрсетілген, – деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінен.
Бюджеттен үстел теннисіне мүкәммалды жалға алуға бөлінген сома көрсетілген жоғары бағамен 45 үстел теннис жиынтығын сатып алуға мүмкіндік беретін еді.
Сондай-ақ «Бірлік» спорт клубы жиындарға іс жүзінде қатыспаған сегіз спортшыға 576 мың теңге жұмсаған.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша 15 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Барлығы бойынша Антикор ұсыныстар енгізді.