Екібастұзда мас жүргізуші бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Ол мас күйінде көлік тізгіндеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары түнгі уақытта М. Мәметова көшесіндегі үйдің жанында 44 жастағы жергілікті тұрғын басқарған «Chevrolet Nexia» автокөлігін тоқтатқан. Патрульшілер жүргізушінің біртүрлі мінез-құлқын бірден байқаған және медициналық тексерулер олардың болжамдарын растаған. Жүргізушінің орташа дәрежеде мас болғаны анықталды.
Тәртіп сақшылары мәліметтер базасын тексергенде оның екі ай бұрын мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын анықтады.
– Ол бұл жағдайдан кейін жүргізуші куәлігінен жеті жылға, 2030 жылдың 15 тамызына дейін айырылды. Енді ер адам ірі көлемде айыппұл төлеуі немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Көлік құралы арнайы тұраққа қойылды, – дейді департаментте.
Айта кету керек, Екібастұз қаласының жылдың ағымдағы кезеңінде масаң күйде көлік құралдарын басқарған 172 жүргізуші анықталды, оның ішінде 9 жүргізуші куәлігінен айырылған, барлығы жауапкершілікке тартылды.