Ақтоғайда домбыра шеберлері жарысты
Аталмыш додада 10-нан астам өнерпаз сынға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғай ауданында «Жас қанат» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Астана күні мен Ұлттық домбыра күні қарсаңында «Ұлт мұрасы – домбыра» атты күйшілер мен дәстүрлі әншілер арасында сайыз ұйымдастырылды. Сайысқа ауданның Қараоба, Харьков, Жаңатап, Әуелбек, Қожамжар, Мүткенов сынды әртүрлі ауылдық округтарынан, сондай-ақ аудан орталығынан үміткерлер қатысып, бақ сынасты.
Байқау шарты бойынша қатысушылар жас ерекшеліктері бойынша жіктеліп, әр жас категориясынан жүлдегерлер мен жүйріктер анықталды. Сондай-ақ, орталық директоры Назарбай Займолда ауданымыздың ең жас домбырашысы жеті жасар Адияра Тілеуленоваға шығармашылық табыс тілеп, арнайы ынталандыру сыйлығын табыстады.
Сайыс қорытындысы бойынша, аспапта орындау бағытында үшінші орынды Мейіржан Жақсыбек пен Мадияр Құсайнов алса, екінші орынға Жансая Аманбай мен Алмат Орынбай табан тіреді. Ал бірінші орын Арайлым Жақыпова мен Әділ Саятқа бұйырды. Дәстүрлі ән бағыты бойынша Қазбек Ибраһим үшінші орын, Бақдәулет Шапе екінші орын, Алмат Орынбай бірінші орынды иеленді.
Айта кету керек, барлық жүлдегерлерге дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.