Сахнаны сана ретінде қолдандық: Павлодарда поэзиялық кеш өтті

Сахнаны сана ретінде қолдандық: Павлодарда поэзиялық кеш өтті
Фото:

Іс-шараны студенттер ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университетте «Құс қанат ғұмыр» әдеби бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жүректер үнсіз сөйлейді» атты поэзиялық кеш өтті. 

–  Шара бірлестігіміздің аға буынының, ақын ағаларымыздың қолдауымен ұйымдастырылған болатын. Аталмыш шараға шамамен  үш аптадай дайындалдық. Сахнаны ой, сана ретінде пайдаландық. Яғни, екі кейіпкердің ойын поэзиямен жеткіздік,– деді «Құс қанат ғұмыр» әдеби бірлестігінің президенті Сабина Рамазанова.

Оның сөзінше, осындай кештер университет қабырғасында үшінші жыл қатарынан өткізілуде. Кеш барысында әдебиетті серік еткен жас студенттер қос ғашықтың ішіндегі сырларды поэзиямен әрлеп, өлеңмен көрерменді тамсандыра алды. 

– Бұл ұйымның бүгінгідей кештерді ұйымдастырып жатқанына бірнеше жыл болды. Қалмай келуге тырысамын. Шынымды айтсам, бұл кешке мәдени демалу үшін келдім. Ұйымның жаңа буыны креативтерімен таң қалдыра білді, – дейді Торайғыров университетінің студенті Абзал Рымбек. 

Аталмыш кешке облысқа танымал ақындар, жазушылар Айбек Оралхан, Еламан Қабділәшім, Перизат Құрманәлі мен Жанболат Абайхан қонақ болды. Сонымен қатар, студенттер павлодарлық әнші Оразбек Бақытханның әндерін тыңдай алды.