АЭС: Азаматтар референдумға қатысу үшін нені білуі қажет?

АЭС: Азаматтар референдумға қатысу үшін нені білуі қажет?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

@Pavlodarnews.kz тілшісі референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімімен бөліседі. 

ҚР Орталық референдум комиссиясы, ҚР Президентінің жанындағы МБА Электоралдық оқыту орталығы партия мүшелері, ҮЕҰ және БАҚ өкілдеріне «Республикалық референдумды әзірлеу мен өткізудің ерекшеліктері» атты қашықтықтан семинар өткізді. Онлайн-семинар Zoom платформасында АЭС салу жөніндегі республикалық референдум қарсаңында ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 300-ге жуық адам қатысты.

ҚР Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров референдум алдында қазір азаматтар не істеу керектігін атап өтті. 

– Сіздің дауыс беру учаскесіне енгізілгеніңізге сенімді болу үшін деректі алдын ала тексеру қажет. Бюллетень екі негізде беріледі. Біріншісі – сайлаушылар тізіміне енгізу. Екіншісі – кез келген учаскеде дауыс беру құқығына есептен шығару куәлігін беру. Ол үшін жергілікті атқарушы органдармен Call-орталықтар, Telegram-боттар, sms-тарату, egov.kz және банктік қосымшалар арқылы хабар тарату ұйымдастырылды. Азаматтар сілтемені ашып, өздерінің ЖСН-ін жазып, референдумның қай учаскесінде тізімге енгізілгеніне көз жеткізе алады, – деді Константин Петров.

Оның айтуынша, демалыс үйлерінде, шипажайларда, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, тергеу мен уақытша ұстау изоляторларында, әскери бөлімдерде, ҚР шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанында сайлаушылар тізімдері референдумға бес күн қалғанда жасалады және референдумға бір күн қалғанда нақтыланады. Уақтыша болатын жердегі учаске саны – 618.

Константин Петров дауыс беруден 20 күн бұрын учаскелер сайлаушылар тізімін қағаз түрінде, ал аумақтық комиссиялар электронды түрде алатынын айтты. 

– Бюллетень жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде беріледі. Оны электронды және құжат түрінде көрсетуге болады. Бұл жайлы учаскелік комиссия мүшелері біледі, яғни қиндықтар туындамайды, – деді Константин Петров. 

Ал денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесіне күтімі жасау себебіне, шалғайда тұруына байланысты референдум учаскелерінен тыс дауыс беруге болады. Ол үшін азамат орналасқан жері бойынша дауыс беру туралы жүгініп, жазбаша өтініш беруі керек.