Павлодар облысында масаға қарсы өңдеу көлемі бірнеше есеге ұлғайтылады
Биыл дезинсекциялық жұмыстарға 200 мың келіден астам биопрепарат қолданылып, дрондар да іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың мәліметінше, өңірде маса-шіркейге қарсы дезинсекциялық жұмыстарға дайындық басталды.
Оның айтуынша, ғылыми топтың ұсынымдарына сәйкес биыл атқарылатын жұмыстардың ауқымы бірнеше есеге ұлғайтылған. Жалпы 234,3 мың килограмм биопрепарат пайдалану жоспарланып отыр. Қазір өңірге алғашқы 120 мың килограмм жеткізілсе, қалған бөлігі наурыз айының соңына дейін әкелінеді.
Дезинсекциялық шаралар тұрақты жылу орнағаннан кейін басталып, Ертіс өзеніндегі су жіберу мерзіміне байланысты жүргізіледі. Әуе арқылы өңдеу 172 мың гектар аумақты қамтиды. Ал өзен бойындағы жұмыстар көлемі 52 пайызға артып, Ертіс пен оның салаларында 3200 шақырымнан астам аумақта жүргізіледі.
Жалпы жұмыстар Павлодар, Ақсу қалалары мен облыстың алты ауданындағы 67 елді мекенді қамтиды. Биыл алғаш рет дрондарды пайдалану жоспарланған.
Әкімнің сөзінше, негізгі талап – нәтиже. Осыған байланысты препараттарды сақтау мен қолдану сапасын қатаң бақылау тапсырылған. Тиімділік төмен болған жағдайда мердігерге төлемнің 80 пайызына дейін төленбеуі мүмкін.