Павлодарда балалар алаңында алкоголь ішкен жастарға айыппұл салынды
Ойын алаңы жалпы ережелер сақталуы тиіс қоғамдық орын болып саналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғыны Қамзин көшесі, 164 мекенжайындағы балалар алаңында ер адамдар алкоголь ішіп отырғаны туралы қоңырау шалған.
– Күн жылы болған кезде балалармен таза ауада жүргім келеді. Бірақ алаңға келген кезде ер адамдар күндіз сыра ішіп отырды. Ескертулерге агрессивті түрде жауап берген соң полиция шақыруға тура келді, – дейді жас ана.
Ішімдік ішкен құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысы 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ жастармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Ведомствода құқық бұзушыларға олардың әрекетінің заңсыздығы туралы сыпайы ескерту жеткілікті болуы мүмкін екенін, дегенмен олар мұндай өтініштерге құлақ түрмейтін болса, қоғамдық тәртіптің бұзылғанын дәлелдеу үшін бейне немесе фото түсіріп, полиция қызметкерлерін шақырған жөн екенін еске салады.