Асайын Байханов: Май ауданы – дарынды жастардың мекені
Облыс әкімі Май ауданының 85 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Май ауданы – белгілі Отандастарымыз бен дарынды жастардың мекені. Ауданның жетістіктері – баршаңыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақ, бірлік, келісіммен жасаған тірліктеріңіздің жарқын нәтижесі деп білемін! Ұлы даланың бір бөлшегі Май ауданы – тарихы тұнған, мәдениеті мен руханилығы дарыған өңір. Дәл мұндай байтақ Сарыарқа даласы мен ұлтымыздың тағдырын шешкен «Қалмаққырылған» шайқасы қазақ тарихында алтын әріптермен жазылды. Май ауданы өркендеп, өрлей берсін! – деп жазды Асайын Байханов Іnstagram парақшасында.
Аймақ басшысы ауданның қалыптасуы мен дамуына атсалысқан аға буынға ерекше алғыс білдірді. Бүгінде Май ауданында бірқатар инвестициялық маңызды жобалар іске асырылуда, инфрақұрылым жаңартылуда. Бұл ретте, «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде ауыл тұрғындарының табысы мен өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі шаралар жоспарланды.
Облыс әкімі барлығына мықты денсаулық, амандық пен бақ-береке тіледі.