Павлодарлықтардың Құрылтай сайлауына қатысты ең жиі қоятын 10 сұрағы

Павлодарлықтардың Құрылтай сайлауына қатысты ең жиі қоятын 10 сұрағы
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Дауыс беретін учаскеңіздің мекенжайын алдын ала нақтылап алған жөн, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына санаулы уақыт қалды. Осы орайда Павлодар облысының тұрғындарын жиі толғандыратын сұрақтарға жауап беруге тырыстық.

1. Сайлау қашан өтеді?

Дауыс беру 2026 жылғы 23 тамыз, жексенбі күні өтеді.

2. Дауыс беруге кім қатыса алады?

Сайлау күні 18 жасқа толған және сот шешімімен сайлау құқығынан айырылмаған Қазақстан Республикасының азаматтары дауыс бере алады.

3. Өзімнің сайлау учаскемді қалай білуге болады?

Қай учаскеде дауыс беретініңізді учаскелік немесе аумақтық сайлау комиссиясынан, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың сервистері арқылы білуге болады. Мұны алдын ала анықтап алған жөн.

4. Өзіңізбен қандай құжат алып бару қажет?

Сайлау бюллетенін алу үшін жеке басын куәландыратын құжатты көрсету қажет. Цифрлық жеке куәлікті де пайдалануға болады.

5. Сайлау учаскелері нешеде ашылады?

Дауыс беру күні учаскелер жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

6. Туысымның орнына дауыс бере аламын ба?

Жоқ. Дауыс беру – әр азаматтың жеке құқығы. Өзге адамның орнына дауыс беруге заңмен тыйым салынған.

7. Егер мен сайлаушылар тізімінде болмасам не істеуім керек?

Учаскелік сайлау комиссиясына жүгіну қажет. Егер азаматтың дауыс беруге құқығы болса және тиісті мекенжай бойынша тіркелген болса, мәселе заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.

8. Толтырылған бюллетеньді суретке түсіруге бола ма?

Дауыс беру құпиялығы заңмен қорғалады. Сайлау учаскесінде белгіленген тәртіпті сақтау үшін комиссия мүшелерінің талаптарын орындап, дауыс беру кабинасында фото және бейнетүсірілім жүргізбеу ұсынылады.

9. Сайлауалды үгіт-насихаты қашан аяқталады?

Сайлауалды үгіт-насихат дауыс беру күніне бір тәулік қалғанда аяқталады. Сайлау күні кез келген үгіт-насихат жұмысына тыйым салынады.

10. Неліктен сайлауға қатысу маңызды?

Сайлау азаматтарға өз ұстанымын білдіруге және елдің өкілді органын қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік береді. Сайлаушылардың белсенділігі жоғары болған сайын қоғам пікірінің көрінісі де соғұрлым толық болады.

Пайдалы кеңес:

Дауыс беретін сайлау учаскеңіздің мекенжайын алдын ала нақтылап, жеке куәлігіңіздің жарамды екеніне көз жеткізіңіз және өзіңізге ыңғайлы уақытты таңдаңыз. Бұл кезектің алдын алып, сайлауға еш кедергісіз қатысуға мүмкіндік береді.