Ақсуда қала күні мен Металлургтер күніне орай үздіктер марапатталды
Салтанатты жиында Асайын Байханов ақсулықтар мен металлургия саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барып, қаланың 65 жылдығына және Металлургтер күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Сондай-ақ өңір басшысы қаладағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Салтанатты жиында Асайын Байханов ақсулықтар мен металлургия саласының қызметкерлерін мерекемен құттықтап, Ақсу қаласының 65 жыл ішінде шағын жұмысшы кентінен еліміздің ірі индустриялық орталықтарының біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жетістік бірнеше буын тұрғындарының адал еңбегінің нәтижесі.

Мерейтой мен Металлургтер күніне орай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. «Облыс алдындағы сіңірген еңбегі үшін» белгісі денсаулық сақтау саласының ардагері Бақытжамал Нұралдиноваға, «Қазхром» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының ферроқорытпа балқытушысы Ержан Жанәділовке және «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ слесарі Балабек Әлиевке табысталды. Сонымен қатар Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына өнеркәсіп, әлеуметтік сала және қоғамдық өмірде белсенді еңбек етіп жүрген ақсулықтар ие болды.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі қалада салынып жатқан жаңа бассейннің құрылысымен танысты. Қазіргі уақытта нысанда іргетас, қабырғалар, жабын плиталары мен инженерлік желілердің негізгі бөлігі аяқталып, бассейн тостағанын монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ өңір басшысы магистральдық жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Жоба аясында ұзындығы 1,5 шақырым болатын жаңа жерасты жылу магистралі салынады. Бүгінде ескі құбырдың 400 метрі бөлшектеліп, құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

Асайын Байханов жаңа қалалық саябақтың құрылысына да барды. Қазіргі таңда жобаның 40 пайыздан астамы орындалған. Мұнда тас төсеу, спорт алаңдарын салу, сыртқы жарықтандыру, электр желілері мен автоматты суару жүйесін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Жобаға қоғамдық дәретханалар, фудкорт, иттерді серуендетуге арналған алаң, мемориалдық кешен және суару жүйесіне арналған блокты-модульді станция салу енгізілген.

Сапар қорытындысында облыс әкімі Ақсу қаласын дамыту өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін айтып, барлық жобаларды белгіленген мерзімде және сапалы аяқтауды тапсырды.