Павлодар облысында бір тәулікте 360-тан астам ЖҚЕ бұзушылық анықталды

Павлодар облысында бір тәулікте 360-тан астам ЖҚЕ бұзушылық анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде патрульдік полиция күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақта жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында патрульдік полиция тәулік бойы қызмет атқаруда. 

Әр ауысым алдында қызметкерлер нұсқамадан өтіп, жедел ақпараттармен, іздеуде жүрген тұлғалар мен көліктер туралы мәліметтермен танысады. Сонымен қатар қызметтік автокөліктер мен байланыс құралдарының техникалық жай-күйі тексеріледі, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомствода атап өткендей, патрульдік нарядтар күн сайын белгіленген аумақта қызмет атқарады. Түнгі уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін арнайы жарық шамдары қосылған автокөліктер пайдаланылады.

– Соңғы тәуліктің өзінде жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында 363 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде 74 жаяу жүргінші ережені бұзған, 42 жүргізуші жылдамдықты асырған, 32 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған, алты жүргізуші мас күйде көлік басқарғаны үшін ұсталды. Барлық фактілер бойынша құқық бұзушылар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов.

Сонымен қатар полицейлер заңсыз жүк тасымалдау деректерін де анықтады. «Павлодар – Шарбақты» автожолында Mitsubishi Pajero маркалы көлік тоқтатылып, тексеру барысында жүксалғыштан 400 литр дизель отыны табылған. Жүргізушіде тиісті құжаттар болмағандықтан, ол қосымша тексеру үшін полиция бөліміне жеткізілді.

Полиция өкілдері жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді қатаң сақтауға және жолда қырағылық танытуға шақырды.