Май ауданында ескі мектеп күрделі жөндеуден өтеді

Май ауданында ескі мектеп күрделі жөндеуден өтеді

Облыс әкімі Асайын Байханов Май ауданына кезекті іс-сапарымен барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазіргі таңда Амангелді Иманов атындағы мектеп-лицейінде 129 бала білім алады. Оның ішінде шағын орталықтың 30 тәрбиеленушісі бар. Шағын орталықтың бір тобы ағымдағы жылы ашылды. Өткен жылы 14 бала оқыды. Жобалық қуаты – 356 орын. Мектепте барлығы жоғары білімі бар 25 мұғалім жұмыс істейді. 

Сондай-ақ, 2025 жылы күрделі жөндеу жоспарланған. Оның құны 506 миллион теңгені құрайды.

– Күрделі жөңдеу жұмыстарына ішкі әрлендіру, жылыту жүйесін ауыстыру, бейнебақылау және өрт дабылын орнату, асханадағы, мәжіліс залындағы, спортзалдағы шатырды, электрмен жабдықтауды ауыстыру, спорт алаңдарын абаттандыру және салу, қоршаулар, төсеніштер орнату кіреді, –дейді Амангелді Иманов атындағы мектеп-лицейінің директоры Гүлсима Ахметова.

Директор аталмыш мектепте 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның айтуынша, мектепте 1967 жылдан бері өзгермеген жылу жүйесі ауыстырылады. 

Сондай-ақ, 2009 жылы асханада қосымша құрылыс салынған болатын. Бүгінде оның іші салқын.

– Мектепте температура қалыпты. Аязды және желді болған кезде жылыту құрылғылары қосылады, – дейді мектеп директоры.

Қазіргі таңда, кабинеттерде температура 21-ден 26 градусқа дейін барады. 

Айта кетейік, күрделі жөндеуді мамыр айында бастап, 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда.