Павлодар облысында су басу қаупі орта деңгейді көрсетті
Мамандар су тасқыны қауіпті аймақтарға алдын-ала баға берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, баға беру барысында жауын-шашынның мөлшері мен қардағы су қорына, топырақтың қату тереңдігіне, сондай-ақ өзендердің мұз режимдеріне талдау жасалды.
– Биыл су тасқыны қаупі жоғары елді мекендер тізіміне Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы және Жетісу облыстары енді. Ал Павлодар, Атырау және Ұлытау облыстарында су басу қаупі орта деңгейлі тәуекелділікті көрсетті. Наурыз және сәуір айларында метеостанциялардағы көпжылдық бақылауларға сәйкес, тәулігіне бір айлық жауын-шашын мөлшері түсуі мүмкін. Бұл қауіпті табиғи гидрометеорологиялық құбылыстардың пайда болуына алып келуі ықтимал, – делінген хабарламада.
Консультативтік синоптикалық ауа райы болжамына сәйкес, 2023 жылдың наурызында елдің басым бөлігінде негізінен жылы және жаңбырлы болады деп күтілуде.
Айта кетейік, биыл аймақтарда орын алуы мүмкін су тасқынына қарсы іс-шараларға 200-ден астам адам мен 230-ға жуық түрлі техника жұмылдырылған. Қалалық ТЖ басқармасы басшысының м.а. Тілекжан Галямов Павлодарда су тасқыны қаупі бар кезең екі кезеңмен өтетінін атап өткен. Ең алдымен Павлодар, Жетекші, Мойылды ауылдарында, Ленин кентінде қар ериді. Екіншіден, су қоймаларынан су жіберу кезінде Кенжекөл мен Ленин кентін су басу қаупі бар.