Баянауыл ауданына қарасты елді мекендерде жолдар жөнделуде
Әсіресе, ауылішілік жолдарға аса мән берілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданына қарасты Шонай ауылында да осы бағыттағы жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда ауыл көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары басталды.
Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, Шонай ауылының Нағым Солтанәлин көшесіндегі жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда жолдың ұзындығы 2,33 шақырым болады.
Мұндағы жұмыс барысын аудан басшысы өз бақылауына алған.
– Мердігер «АВН Строй Класс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалары жұмысқа қызу кірісіп кетті. Қазіргі сәтте 300 тоннаға жуық қиыршық тас жеткізілді. Жөндеу жұмыстары екі жылға жоспарланған. Бұл жолдың сапалы әрі берік болуына мүмкіндік береді, – дейді Ардақ Кісентаев.
Сондай-ақ, ол ауылдың ішкі жолдарының жақсаруы – тұрғындардың жайлылығы үшін жасалып жатқан маңызды қадам екенін атап өтті.