Павлодарлық педагог республикалық олимпиадада ақшалай сертификат ұтты
Білім додасына өңір атынан сегіз мұғалім қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
22-23 ақпан күндері ҚР Оқу – ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы астаналық «Зерделі» ақыл-ой білім беру орталығымен бірлесіп, «Алтын тұғыр» бастауыш сынып педагогтеріне арналған олимпиаданың республикалық кезеңін өткізді.
Павлодар облысының намысын 8 педагог қорғады. Сондай-ақ, қатысушылар үшін екі күндік тәжірибелік семинар ұйымдастырылды.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша бірінші орынды Павлодар қаласының «ДеТвоРа»жекеменшік мектебінің мұғалімі Ирина Соловьева және №36 экологиялық бағыттағы жалпы білім беретін бейіндік мектебінің педагогі Татьяна Акимочкина иеленді. Екінші орын «ДеТвоРа» жекеменшік мектебінің мұғалімі Анна Лобанова алса, үшінші орын Аққулы ауданының Жаңатан негізгі жалпы білім беретін мектебінің оқытушысы Гүлжанат Арынова , № 24 жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Сандуғаш Смағұлова, Тереңкөл ауданының Қызылтаң жалпы орта білім беретін мектебінің педагогі Асыл Аяшев алды.
Командалық есепте Павлодар облысының бастауыш сынып педагогтері екінші орынды иеленді.
Үздік нәтиже үшін Ирина Соловьева 200 мың теңге көлемінде ақшалай сертификатпен марапатталды.