Павлодар облысында қысым көрген кәсіпкерлердің құқығы қорғалды
Инвестордың мәселесін шешуге прокуратура араласты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері жүргізілген тексерулер нәтижесінде бизнеске негізсіз қысым көрсету деректері анықталып, төрт лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Павлодар облысында тасымалдаушы компаниялардың бірі жергілікті екі кәсіпкердің жүк тиелген вагондарын заңсыз ұстап, инвестордың жұмысына кедергі келтірген.
Қазақстан Республикасы Бас көлік прокуратурасының хабарлауынша, қадағалаушы органның араласуынан кейін қойылған шектеулер алынып, кінәлі тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабы бойынша жауапқа тартылды. Аталған бап кәсіпкердің заңды жұмысына кедергі келтіру, соның ішінде вагондарды заңсыз бөгеу, негізсіз шектеу қою және кәсіпкерлік қызметке тосқауыл жасау әрекеттері үшін жауапқа тартуды көздейді.
Осындай заңбұзушылық «Майқапшағай» кеден бөкетінде де тіркеледі. Онда кәсіпкер кеден органдарының кінәсінен өз өнімін 20 күннен астам уақыт бойы шығара алмаған. Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасының қадағалау актілерінен кейін шектеулер жойылып, жауапты тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
- Бизнеске кез келген қысым жасау әрекеттерінің алды алынады, ал кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, - деп мәлімдеді Бас көлік прокуратурасынан.
Қазіргі таңда заңсыз шектеулер жойылып, кәсіпкерлердің жұмысы қайта қалпына келтірілді.