Бес тіл меңгерген павлодарлық оқушы мектепте көптілді клуб ашты
Дарынды оқушының бастамасы өзге тілді үйренуге ниетті 40-тан астам оқушыны бір ортаға біріктірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Дарын Нұрәділ бес тіл меңгеріп қана қоймай, мектеп қабырғасында бірнеше шет тілін үйрететін көптілді клуб ашты. Бүгінде 40-тан астам оқушының басын қосқан үйірмеде балалар қытай, жапон және корей тілдерін үйреніп, өзге халықтардың мәдениетімен де танысып жүр.
Дарынның тіл үйренуге деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Оның айтуынша, теледидардан түрлі тілде сөйлейтін адамдарды көріп, өзге халықтардың мәдениеті мен дүниетанымына қызығушылығы оянған. Осылайша, алғашқы әуестігі уақыт өте келе үлкен мақсатқа ұласты.
Қазір жас полиглот қазақ, қытай, ағылшын, жапон және ұйғыр тілдерін меңгерген. Ол тіл үйренуде кітап оқудың, интернет ресурстарын тиімді пайдаланудың және сол тілде сөйлейтін халықтың тарихы мен мәдениетін зерттеудің маңызы зор екенін айтады.
– Жаңа тілді үйренбес бұрын, ең алдымен, сол тілде сөйлейтін халықтың тарихымен қысқаша танысамын. Олардың тарихын білгеннен кейін тілді тереңірек түсінуге мүмкіндік туады. Күнделікті тіл үйренуге шамамен 30 минут уақыт бөлсем, демалыс күндері бұл іске төрт сағатымды арнаймын. Сабақ үлгерімі мен жеке қызығушылықтарымды қатар алып жүру үшін күн сайын арнайы жоспар құрамын, – дейді Дарын Нұрәділ.

Мектепте көптілді клуб ашу идеясы да кездейсоқ туындамаған. Жаңа білім ордасына келген кезде сыныптастары Дарынның қытай тілін білетінін естіп, одан түрлі сөздер мен сөйлемдерді аударып беруді жиі сұрай бастаған. Қайталана беретін сұрақтар мен оқушылардың қызығушылығы жас полиглотқа ортақ үйірме ұйымдастыру туралы ой салған. Нәтижесінде ол достары Еламан және Алдиярмен бірлесе отырып, көптілді клубтың негізін қалаған.
Қазіргі таңда үйірмеде қытай, жапон және корей тілдері негізгі бағыт ретінде оқытылады. Алайда Дарынның жоспары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта неміс, француз және ым тілін де қосу көзделіп отыр.
Клубты құрудағы басты мақсат – оқушыларға шет тілдерін тек теория жүзінде үйрету емес, шетелде білім алғанда немесе саяхаттағанда еркін қарым-қатынас жасауға қажетті ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру.
Бүгінде клубқа 40-тан астам оқушы тіркелген. Әр тілге қызығатын балалар шағын топтарға бөлініп, шамамен 10-15 оқушыдан сабақ оқиды.
Дарынның сабақ өткізу тәсілі де ерекше. Ол «ситуациялық сахналау» әдісін қолданады. Әр сабақта оқушыларға бес жаңа сөз бен екі сөйлем үлгісі үйретіледі. Кейін балаларға алған білімін қайталап, қолдануға бес минут уақыт беріледі. Одан соң олар орнынан тұрып, белгілі бір жағдаятты сахналайды. Мәселен, мейрамханада тағамға тапсырыс беру, танысу немесе амандасу сияқты күнделікті өмірде кездесетін жағдайларды өздері орындап көреді.
Клуб президенті ретінде Дарын ұйымдастыру және сабақ беру жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар, оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әр тілге қатысты музыка, кітап, тарих және мәдениет туралы қосымша ақпараттармен бөліседі.
Үйірмені ашу барысында кездескен алғашқы қиындық – оқыту әдістемесін таңдау болған. Бұған дейін ұстаздық тәжірибесі болмағандықтан, Дарын сабақ берудің тиімді жолдарын зерттеп, жүйелеуге екі-үш күн уақыт жұмсаған. Оның бастамасын мектеп басшылығы да қолдап, жарнама жасауға, арнайы кабинет бөлуге және қажетті жағдайлар ұйымдастыруға көмектескен.
Жас ұйымдастырушы үшін клуб мүшелерінің алғашқы нәтижелері ерекше қуаныш сыйлайды. Оқушылардың жаңа сөздерді меңгеріп, қарапайым сөйлемдер құрап, шет тілінде сөйлей бастауы – оның еңбегінің жемісі.
– Мектепте оқушылар мені көргенде қытай, жапон және басқа тілдерде амандасады. Олардың үйренгенін күнделікті өмірде қолданып жүргенін көру мені қатты қуантады, – дейді ол. Бұл ретте, тіл үйрену тек сөздік қор мен грамматиканы меңгерумен шектелмеуі керек. Әр тілдің артында тұтас бір халықтың тарихы, мәдениеті және дүниетанымы жатыр. Сондықтан өзге тілді үйрену арқылы адамның ойлау көкжиегі кеңейіп, түрлі мәселеге әр қырынан қарау қабілеті қалыптасады.
Бес тіл меңгерген оқушы қазір неміс тілін үйреніп, IELTS емтиханына дайындалып жүр. Болашақта француз және испан тілдерін де меңгеруді жоспарлайды. Ал клубты одан әрі дамытып, оқытылатын тілдердің ана тілінде сөйлейтін адамдарын мектепке шақыруды көздейді. Осы арқылы оқушыларға тілді шынайы ортада қолданып, сол халықтың мәдениетін жақынырақ тануға мүмкіндік бергісі келеді.
Дарын тіл үйренуге қызығатын құрдастарына да өз кеңесін ұсынады. Оның айтуынша, ең тиімді тәсілдердің бірі – Фейнман әдісі, яғни үйренген білімді өзгелерге түсіндіру және үйрету. Себебі адам біреуге сабақ берген кезде өзі де білімін қайталап, тақырыпты тереңірек түсінеді.
Ал жаңа тіл үйренуді енді бастағандарға берер басты кеңесі – қателесуден қорықпай, батыл сөйлеу.
