Баянауыл ауданында Ұста Бекен мешітінің 20 жылдығы аталып өтті

Бірлік ауылындағы Ұста Бекен мешіті биыл толық жөндеуден өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аталған мешіт имамы Аллаберген Қожановтың айтуынша, Бірлік ауылының тумасы Бекен Мұқайұлы кезінде қолы шебер ұста болған. Темірден не бір бұйымдар жасап, тарихта ерекше шеберлігімен, өнерімен танылған. Сондықтан ауыл тұрғындарының қалауымен құлшылық орны осы кісінің есімімен аталған.  

– Кезінде Бекен Мұқайұлының қызы Үміт Бекенова өз атындағы жерді діни басқарманың атына ауыстырып, жиені Ардақ осы жерге мешіт салуды ұйғарған болатын. 2003 жылдың 25 мамырында мешіттің алғашқы қазығы қағылды. Ауылдағы жеті жігіт құрылысқа белсене кірісіп, 12 маусымда алғашқы кірпіші қаланды. Таң атқаннан түнге дейін тапжылмай еңбек етіп, үш жарым айда толығымен мешіт  құрылысы аяқталып, 19 қыркүйекте ашылу рәсімін ұйымдастырған болатынбыз, – дейді Ұста Бекен мешітінің имамы Аллаберген Қожанов.

Мешітті салуға қаражат бөлген – Ардақ Қаңтарбаев, құрылысты бастан-аяқ басқарған – Қаныш Жанкин. Не бәрі үш жарым айда кірпішін қалап, мұнтаздай етіп нысанды тапсырған құрылысшылар – Асылбек Божақанов, ағайынды Сәнтай мен Кенже Сабдалиндер, Ермек Барлыбаев, Төлеген Сейітқазин, Ардақ Абилдин және Тілек Тумайкеновқа ел алдында шапан жабылып, көпшілік зор қошеметке бөледі.

Аллаберген Қожанов мешіттің салынуынан бастап басы-қасында жүрген. Алдымен құрылысына кірісіп, кейін отбасымен бірге от жағушы, күзет қызметкері ретінде, жары тазалыққа жауапты болды. 2005 жылдан бері осы мешіттің имамы болып тағайындалады. Павлодарда, Алматыда арнайы оқу оқып, 2006 жылы Ертай Әрбиевтің қолдауымен қажылыққа барып келген. 

– Мешіттің атаулы тойын атап өту туралы ұсынысымды бірден қолдап, барлық ұйымдастырушылық қабілетімен көрінген ауыл тұрғыны Әзілхан Ақболинге алғыс білдіремін. Ауыл жігіттерін жинап, барлығы 11 тай, 7-8 қара мал жинап, тойдың мәнін келтіре тойлауымызға себепші болды. Сондай-ақ шаруа қожалықтарына айтар алғысым шексіз. Ауыл әкімі Арман Мұсатаевқа барлық бастамамызға қолдау көрсетіп, барынша көмек беріп жатқаны ерекше қуантады, – дейді мешіт имамы Аллаберген Қожанов.

Айта кететін жайт, осы жылы мешітке толық жөндеу жұмыстары өткізілді. Оған ауылдағы мектеп бітіріп кеткен түлектер өздері бастап, қаржы жинап, кейін Сарыкөл кенішінің қолдауымен жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. 

Азан шақырылмаса, мешіт жетім демей ме, сондықтан күніне бес рет азан шақырылады, колонкаларды да ауыл азаматы Рахметолла Құдайбергенов алып берген болатын. Айта берсек, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігімен жасалған іс-шаралар жетерлік. Соның бірі – мешітіміздің 20 жылдығында анық көрініс тапты. Ер азаматтар мен қыз-келіншектер жеті киіз үй құрып жіберіп, дастарханды жайып, барлық мәдени-спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп берді. Оларған шын ризашылығымды білдіремін, – дейді ауыл имамы. 

Мешіттің негізгі демеушісі Ардақ Қаңтарбаевтың анасы Үміт Бекенова мен құрылысқа толығымен жауапты болған, оң қолынан өнер тамған Қаныш Жанкинның анасы Зәуре Әлғожақызы да ортаға шақырылып, оларға да шапан жабылды. Мерекелік шара барысында ауыл және Майқайың кентінің өнерпаздары асыл дінімізді жырға қосып, өлеңдерге кезек берілді. 

Бүгінде Астана қаласында құрылыс компаниясының баспасөз хатшысы болып істейтін Рымгүл Божақанова еңбек жолының алғашқы қадамы Ұста Бекен мешітімен байланысты екенін айтады. 

2003 жылы журналистика мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1-курста облыстық радиода жаңалықтарға сюжет дайындауды үйреніп жүрген кезіміз еді. Дәл осы сәтте радиоға алғашқы сюжетім ауылымдағы мешіттің ашылуынан репортаж жасап, бірінші рет репортермен сұхбат алғаным есімде. Осы бір тарихи шарадан мамандығыма алғаш қадам жасаған болатынмын, – дейді ол.

Күні бойына созылған мерекелік бағдарламада Құран жарысы ұйымдастырылды, облыс төңірегінен келген 12 адам бақ сынасып, жүлдегерлер анықталды. Сондай-ақ, күрес, аламан, көкпар, қошқар көтеру, тай жарыс, футбол бойынша жарыстар ұйымдастырылды.  Атырау, Астана, Қарағанды, Павлодар облысының аудандарынан шабандоздар мен спортшылар додаға түсті. Жүлде қорлары 1-орынға 500 мыңнан бастап тағайындалды. 

Сондай-ақ мешіт асханасында және жеті киіз үйде барлық қатысушыларға арналған мерекелік дастархан жайылып, соңында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өткізілді.