Баянауылда сегіз облыстың оқушылары жиналды
Облыста химия, биология, физика, математика, география және информатика пәндері бойынша олимпиада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сайыс көрнекті ғалым, өз заманының ең ірі ойшылы және табиғаттанушы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы аясында өткізілді.
Олимпиада математикалық, жаратылыстану-ғылыми және бағдарламалау бойынша үш бағыт және математика, физика, биология, химия, география, информатика пәндерінен пәнаралық кешенді болып табылады.
– Жарыс оқушыларды жоғары деңгейдегі олимпиадаларға дайындау жүйесін жетілдіру және жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен бағдарламалау бойынша олимпиадалық резерв құру мақсатында ұйымдастырылды, – деді облыстық білім беру басқармасында. – Олимпиадаға Қазақстанның сегіз облысынан – Абай, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Астана, Алматы, қалаларынан, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-8-сыныптарынан 95 оқушысы қатысты.
Олимпиада екі күн бойы екі кезең бойынша өткізілді. Бірінші кезеңде математикалық, жаратылыстану-ғылыми және бағдарламалау бағыттарының бірін таңдау бойынша жеке жазбаша түрде тапсырмалар орындалды. Екінші кезеңде жазбаша және ауызша түрде алты пәннің бірі таңдау бойынша, математика, физика, химия, биология, география - ауызша, информатика – жазбаша тапсырмалар орындалды. Екінші кезеңнің практикалық тапсырмаларының шешімдері қазылар алқасының мүшелеріне ауызша тапсырылды.
Олимпиада қорытындысында 61 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанып, ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Олимпиададан кейін қатысушыларға академиктің мемориалдық мұражайына және Баянауылдың ұлттық табиғи саябағына қызықты экскурсия ұйымдастырылды.