WorldSkills Pavlodar – 2026: Павлодарда үздік студент-аспаздар анықталуда

WorldSkills Pavlodar – 2026: Павлодарда үздік студент-аспаздар анықталуда
Фото: автор

Екі күн бойы өңірдің студенттері «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша ең мықты атану үшін бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласында кәсіби шеберліктің жыл сайынғы WorldSkills Pavlodar – 2026 өңірлік чемпионаты өтті. Жарысқа облыстың жетекші төрт оқу орнының студенттері қатысты: Павлодар технологиялық колледжі, Павлодар сервис және тамақтандыру колледжі, ИнЕУ жоғары колледжі, Екібастұз политехникалық колледжі. 

Байқау бағдарламасы екі күнге бөлінген. Қатысушылар заманауи аспаздық техникадағы шеберліктерін көрсетеді. Бірінші күні қатысушылар жүгеруден крем-сорпа мен екі авторлық гарнирмен классикалық рибай стейкін әзірледі. Финалдық кезеңде вонтондармен Бейжің үйрегі мен жапондық моти десертін дайындады. 

Павлодар технологиялық колледжінің өндірістік оқыту шебері, өңірлік чемпионаттың бас сарапшы Мерхан Айтбайұлының айтуынша, бағалау бірнеше критерий бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда жұмыс орнын ұйымдастыру, техника қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптары мен санитарлық нормаларды сақтау, тағамның дәмі мен ұсынылуы, өлшемі, дайындау процесінің дұрыстығы және жұмыс орнындағы тазалық. Әр модульге нақты уақыт беріледі. 

– Өңірлік кезеңнің жеңімпазы Астана қаласында өтетін ұлттық чемпионатта Павлодар облысының намысын қорғайды. Егер сол кезеңде де жоғары нәтиже көрсетсе, халықаралық деңгейде Қазақстан атынан қатысуға мүмкіндік алады. Келесі чемпионат Қытайдың Шанхай қаласында өтеді деп жоспарланып отыр, – дейді Мерхан Айтбайұлы. 

Павлодар сервис және тамақтандыру колледжінің оқу-өндірістік шебері Ақмарал Арынова өңірлік чемпионатқа өзінің үшінші курс студенті Арман Қазыбекті бір жыл бойы дайындаған. 

– Студентімді республикалық ұлттық чемпионатқа да апардым. Ол жақта байқау қалай өтетінін өз көзімен көріп, тәжірибе жинақтап қайтты. Мен үшін ең маңыздысы – студенттің процесті түсінуі. Ол бұл жарыстың қалай өтетінін көріп, өзіне мақсат қоя бастады. Соңғы бір жарым айда колледж базасында қарқынды түрде жаттықтық. Қазіргі таңда колледжімізде жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген құзыреттілік орталығы ашылып жатыр. Барлық қажетті құрал-жабдықтар мен өнімдер толық қамтамасыз етілген, – дейді ол. 

Олар дайындық барысында нақты жоспармен жұмыс істейді. Егер бір нәрсе дұрыс шықпаса, бірден түзетіп, рецептке өзгеріс енгізеді. Барлығы грамммен, уақытпен қатаң бақыланады. 

Студент психологиялық және физикалық тұрғыда толық дайын болуы керек. Мұнда уақыт өте маңызды. Мысалы, екі сағаттан асып кетсе, тіпті бес минут кешіксе де, балл шегеріледі. Сонымен қатар, өнімдерді тиімді пайдалану да есепке алынады. Яғни бір өнім толық қолданылуы тиіс, артық қалдық та қателік болып саналады.

– Қазіргі студенттер өте ізденімпаз. Бүгінгі таңда заманауи технологиялар, жасанды интеллект, түрлі платформалар бар. Студенттер өздері идея тауып келеді. Мысалы, Арман қаламыздың түрлі асханаларында тәжірибе жинақтап, жаңа идеялар әкеледі. Ол бір орында тоқтап қалмай, үнемі үйренгісі келеді. Сондықтан осындай чемпионаттар ға да сұраныс артып, қатысушылардың деңгейі жоғарылап келеді, – дейді Ақмарал Арынова.

Айта кетейік, барлық нәтижелер арнайы бағалау жүйесі арқылы өңделіп, содан кейін ғана ресми түрде жарияланады. Шамамен осы айдың 28-29 күндері аралығында аймақтық чемпионаттың жеңімпаздары белгілі болады.