Павлодарлық WorldSkills жеңімпаздары шеберлік сабақтарын өткізді
Алтын жүлдегерлер болашақ мамандарды шабыттандырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар сервис және тамақтану колледжінде ашылған құзыреттілік орталығы аясында студенттер қонақүй сервисі, мейрамхана ісі, аспаздық және кондитерлік іс бағыттары бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Болашақ мамандар кәсіби дағдыларын көрсетті.
Орталықтың ашылу салтанатында «WorldSkills Pavlodar - 2026» байқауының үздіктері қонақтарға қызмет көрсету мәдениеті, кофе дайындау өнері, этно-аспаздық, кондитерлік бұйымдарды әзірлеу және қонақүй сервисінің ерекшеліктері көрсетілді.


«Welcome сервис», «Арт латте» және майлықтарды бүктеу бойынша өткен алғашқы шеберлік сабағында өңірлік чемпионатының алтын жүлдегері Арсений Ким кәсіби шеберлігін паш етті.
– Біз үшін қонақтарды дұрыс қарсы алып, сапалы қызмет көрсету және жақсы әсер қалдыру өте маңызды. Бүгін кофе дайындау мен сервис элементтерін көрсетеміз. Чемпионатта жеңіске жету оңай болған жоқ, бірақ мақсатыма жеттім. Болашақта өз мейрамханамды немесе дәмханамды ашқым келеді, – деді студент.


«Этно брускеттер» атты екінші шеберлік сабағында өңірлік чемпионаттың жеңімпазы, әрі халықаралық «Тайқазан» гастрономиялық фестивалінің күміс жүлдегері Арман Қазыбек ұлттық тағамдарды заманауи үлгіде ұсынудың тәсілдерін көрсетті.
– Аспаздық – менің бала күнгі арманым. Дайындық кезінде қиындықтар болады. Колледж бен облыстың намысын қорғағандықтан, бар күшіңді саласың. Алдағы мақсатым – республикалық WorldSkills чемпионатында бақ сынап, кәсіби бас аспаз атану, – деді ол.

Кондитерлік бағыттағы «Crystal Candy Lab: тәтті шыны зертханасы» және «Art Push Pops: десерт өнер ретінде» десерт әзірлеу технологиялары таныстырылды. Дарья Крикунова қатысушыларға шеберлік сағатын өткізді.
– WorldSkills чемпионатында кондитер құзыреттілігі бойынша алтын медаль иелендім. Байқауда «Мусс» торты мен мастикадан мүсіндер жасадым. Қазір республикалық олимпиадаға дайындалып жатырмын. Осындай орталықтардың ашылуы студенттердің кәсіби шеберлігін дамытуға үлкен мүмкіндік береді, – деді Дарья.

Бағдарламаның соңғы бөлігінде қонақүй сервисі бағыты бойынша «Қонақүйдің қабылдау бөлімінде жұмыс істеу өнері» және «Сүлгілерді бүктеу техникасы» тақырыптарында тәжірибелік сабақтар өтті. Өңірлік чемпионатының алтын жүлдегері Назар Бейсенов қатысушыларға қонақүй қызметінің негізгі стандарттарын таныстырды.
– Қонақүйдегі алғашқы әсер қабылдау бөлімінен басталады. Сондықтан, қызмет көрсету мәдениеті, қарым-қатынас және әрбір деталь маңызды. Біз бүгін осы бағыттағы негізгі дағдыларды көрсеттік, – деді студент.
Жаңа Құзыреттілік орталығы студенттердің кәсіби даярлығын жетілдіруге, халықаралық стандарттарды меңгеруге және WorldSkills қозғалысына қатысушылар санын арттыруға бағытталған. Колледж ұжымы мұндай бастамалар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және жастардың кәсіби дамуына жаңа серпін береді деп есептейді.
Павлодар облысында WorldSkills өңірлік чемпионатына 70-ке жуық студент қатысып, алтын жүлдегерлер республикалық мәреге жолдама алды.