Железин ауданында биыл орман өртін сөндіру бекеті салынады
Мекеме өрт қауіпті маусымға дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев орман шаруашылығы және табиғат қорғау мекемелерін аралауда.
– Өрт сөндірушілерге арнайы киімдер сатып алынған. Биыл модульдік типті орман өртін сөндіру бекетін салу жоспарда. Күрделі сұрақтардың бірі – штаттан тыс және маусымдық жұмыскерлердің жалақысының төмендігі. Бұл бағытта лимитті өсіру бойынша тиісті бюджеттік өтінімдер облыстық экономика басқармасына жолданды, – деді Руслан Төлепбаев.
Үрлітүп орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде орман өртін сөндіруге арналған техника жаңартылған.
Көктемде 140 га алқапта орман екпелері отырғызылған, күзде тағы 380 га аумақта қарағай көшеттері салынады.
Орман күзеті күн сайын өртке қарсы тақырыпта алдын алу іс-шараларын (ауыл шаруашылығы құрылымдарына хабарлама беру, әңгімелер мен дәрістер, парақшалар тарату), сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасын бұзуды анықтау бойынша жоспарлы іс-шаралар өткізеді. 454 шақырым көлемінде минералданған жолақтарды күтіп ұстау бойынша жұмыс өткізілуде.
Еске сала кетейік, өңірде өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құру жоспарына сәйкес 2024 жылы бес ауданда өрт сөндіру бекеттері пайда болады. Атап айтқанда, Баянауыл ауданының Бірлік ауылында, Ақтоғай ауданының Қожамжар ауылында, Железин ауданының Веселая Роща ауылында және Тереңкөл ауданының Львовка ауылында. Ал жоспардан тыс қосымша өрт сөндіру бекеті Ақтоғай ауданының Басқамыс ауылында салынады.