Баянауылда қысқы жол қауіпсіздігіне дайындық күшейтілді
Мұнда аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасына сәйкес, Баянауыл ауданында автомобиль жолдарын қысқы-көктемгі кезеңде күтіп ұстау мәселелері бойынша арнайы жиын өтті. Бұл туралы аудан әкімі Ардақ Ксентаев хабарлады.
Жиынға ауылдық округ әкімдері мен автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жауапты мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты. Кеңесте аудандық маңызы бар жолдардың қысқы маусымға дайындығы, арнайы техникалардың жай-күйі және жолдарды қардан уақтылы тазалау мәселелері талқыланды.
– Бүгінде Баянауыл ауданы бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 325 шақырымды құрайды. Оның құрамына 15 бағыт кіреді. Жолдардың үздіксіз әрі қауіпсіз қатынасын қамтамасыз ету мақсатында экономиканың нақты сектор бөлімі алты мердігер ұйыммен үш жылдық келісімшарт жасасқан, – деді аудан әкімі.
Жиын барысында өткен қысқы маусымда анықталған кемшіліктер сараланып, жауапты тұлғаларға нақты ескертулер берілді. Мердігер ұйымдарға жолдарды қардан уақытылы тазалау, құм мен тұз қорын алдын ала дайындау, арнайы техникалардың тұрақты әзірлігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету міндеттелді.
Ардақ Ксентаев қысқы кезеңде ауылдар мен аудан орталығы арасындағы көлік қатынасының үздіксіз болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жол қауіпсіздігі мен тұрғындардың кедергісіз қатынауы басты назарда болуы тиіс.
Аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендерге кіреберіс бағыттарды қысқы кезеңде күтіп ұстау жұмыстарына жауапты 6 мердігер ұйым белгілі. Мәселен, «KZ.Stroy.PVL» ЖШС Теңдік – Ұзынбұлақ бағытын және Майкөбе, Сұлужон (Шөптікөл) және Бірлік ауылдарына кіреберістерін қардан тазалап, күтуге жауапты. Сол сияқты «Жомарт» шаруа қожалығы Ұзынбұлақ – Ақши бағытына, ал «DAR» ЖК Көкдомбақ ауылына кіреберіс пен Баянауыл – Угольное бағытына, «АНЕТ» шаруа қожалығы Қарашат – Жаңа Жайма бағытына, «НҰР» шаруа қожалығы Қаражар – Южное бағыты, Ақсаң, Шоманкөл және Жарылғап ауылдарына кіреберістеріне және «Мухамедияров» ЖК Торайғыр ауылы мен Жасыбай көліне кіреберістер мен Торайғыр – Жасыбай бағытына жауапты.
Аудан басшысы, қысқы маусымда жолдарды күтіп ұстау жұмыстарының сапасы мен уақтылы орындалуы аудан тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты мердігер ұйымдардың техникалық дайындығы мен өз міндеттерін орындауы бақылауда болатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, апта басында аймақ басшысы Асайын Байханов қысқы жол дайындығын күшейтіп, үш жылдық келісімшарттарға көшуді міндеттеген болатын. Сонымен қатар, жауапты мекемелерге қардан қорғайтын қалқандарды уақытылы орнатуды, жолдардың жағдайын тексеруді және аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға үш жылдық келісімшарт жасасуды тапсырған еді.